Макросауалнама: сарапшылар инфляция бойынша болжамдарын өзгеріссіз қалдырды
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.
Мұнай бағасы мен экономиканың өсуі
Мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде сәл төмендеді. 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін орта есеппен
68,7 АҚШ доллары деңгейінде, 2026 және 2027 жылдары тиісінше 63,8 және 64,1
АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтілуде.
Дегенмен, Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжамдар жақсарып отыр. ЖІӨ өсуіне қатысты болжам 2025 жылға – 5,6%-дан 5,9%-ға, 2026 жылға – 4,8%-дан 4,9%-ға, 2027 жылға – 4,8%-дан 5%-ға дейін өсті.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Инфляцияға қатысты болжамдар аса өзгере қоймады. 2025 жылдың соңына жасалған инфляция болжамы 12%-дан 12,3%-ға сәл өсті. 2026 және 2027 жылдарға жасалған болжамдар тиісінше 10% және 7% деңгейінде сақталды.
Респонденттер барлық болжамды кезеңде базалық мөлшерлеме жоғарырақ болады деп күтеді. 2025 жылға болжамдардың медианасы 16,6%-дан 18%-ға, 2026 жылға – 14,8%-дан 16%-ға, 2027 жылға – 12%-дан 13%-ға өсті.
Сауалнамаға қатысушылардың құрамы туралы
Сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 14 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өтеміз. Ол қазақстандық және әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікіріне, бағалауына және күтуіне жасалған шолудан тұрады.
Толығырақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz