Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларына өзгертулер енгізу туралы
Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Қаржы министрлігімен (бұдан әрі – ҚРҚМ) бірлесіп «Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларына өзгертулер енгізу туралы»[1] ҚР Ұлттық Банкінің Басқармасы мен ҚР Қаржы министрінің бірлескен қаулысы мен бұйрық жобасын (бұдан әрі – Жоба, Қағида) әзірлегенін хабарлайды.
Жоба ҚРҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті, Ұлттық Банк және уәкілетті банктер арасында валюталық бақылау құжаттары бойынша қолданыстағы дерек алмасу сервистерінің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту мақсатын көздейді.
Қағидаларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МКК, Ұлттық Банк және уәкілетті банктер тауарларға арналған декларациялар мен тауарларды әкелу және қосылған құн салығын төлеу туралы өтініштер бойынша мәліметтерді күн сайын алу, сондай-ақ электрондық шот-фактуралар бойынша ақпарат алмасу платформасын күнделікті режимде іске қосу арқылы жаңа форматта ақпарат алмасуға көшуі қажет. Бұған дейін аталған құжаттар бойынша ақпарат алмасу ай сайын және «сұрау-жауап» форматында жүзеге асырылды.
Уәкілетті банктерге ақпараттық жүйелерді интеграциялауды және оларды тестілеуді аяқтау үшін қосымша уақыт қажет. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуге тиіс Қағида нормаларын 2026 жылғы 1 наурызға дейін кейінге қалдыру ұсынылады.
Қосымша ретінде Қағидалардың жекелеген ережелерінің редакцияларын нақтылауға және жетілдіруге бағытталған нүктелік түзетулер көзделген.
Ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік органдар мен валюталық бақылау агенттері арасындағы ақпарат алмасу үдерісін жақсартуға, экспорттық-импорттық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуын мониторингтеу тиімділігін арттыруға, бұл өз кезегінде сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына оң әсерін тигізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ақпараттық жүйелерді интеграциялау аясында енгізілетін өзгертулер экспорт-импорттық операцияларды жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін есептілік нысандарының тізбесін кеңейтуді немесе есептілік форматын өзгертуді көздемейтінін атап өткен жөн.
Ақпараттық кестемен Ұлттық Банктің интернет-ресурсында танысуға болады: https://www.nationalbank.kz/kz/npa/valyutnoe-regulirovanie-i-valyutnyy-kontrol/project.
[1] «Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 78 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 1054 бірлескен қаулысы мен бұйрығына өзгертулер енгізу туралы»
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz