1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі сараптамалық-талдау клубының төртінші отырысы өтті

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, академиялық қауымдастықтың, сарапшылардың және қаржы нарығы өкілдерінің қатысуымен сараптамалық-талдамалық пікірталас клубының төртінші отырысын өткізді.

Іс-шара барысында Қазақстанның 2024 жылға арналған қаржылық тұрақтылық туралы есебі таныстырылды. Бұл есеп – қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал ететін макроэкономикалық факторлар мен жүйелік тәуекелдерге мониторинг жүргізу бойынша Ұлттық Банктің аналитикалық және зерттеу жұмысының қорытындысы саналады.

2024 жылы ел экономикасы 4,8% өсім көрсетті. 2025 жылы 7 айдың қорытындысы бойынша ол 6,3%-ға жетіп, экономикадағы өсім жалғасын тапты. Дамудың негізгі қозғаушы күші іскерлік белсенділікті қолдаған, бірақ инфляциялық қысымды күшейткен ішкі сұраныс болып қалды. Қаржылық тұрақтылық индексі инфляция мен қаржы нарығындағы құбылмалылықтың төмендеуі аясында төмендеді. Халықтың нақты табысы артқанына қарамастан, қарыз жүктемесі еңбекақы өсімінен әлдеқайда тез ұлғайып, табыстың азаю тәуекелі әлі де сақталып отыр.

Банк секторы тұрақтылығын сақтап қалды. Корпоративтік портфельдің сапасы жақсарды: проблемалық және тәуекелі жоғары қарыздардың үлесі азайды, провизиялармен қамту деңгейі артты, валюталық несиелер жоғары тәуекел аймағынан шықты. Дегенмен, негізгі несие көлемі ірі қарыз алушыларға шоғырланған. Бөлшек несие, әсіресе, кепілсіз тұтынушылық несие, ипотека және автокредит сегменттерінде өсуін жалғастырып, жүйелік тәуекелдерді күшейтіп отыр. 2024 жылы қабылданған шаралар халықтың қарыз жүктемесін шектеуге, кепілсіз қарыздар бойынша мөлшерлемелерді төмендетуге және қаржылық тәртіпті нығайтуға ықпал етті.

Өтімділік пен қорландыру тәуекелдері орташа деңгейде қалды. Банктер активтердің шамамен үштен бір бөлігін құрайтын, негізінен теңгемен көрсетілген жоғары өтімді активтердің жеткілікті қорын сақтап отыр. Сектор депозиттердің қалыпты кетуіне төтеп бере алады. Мерзімді депозиттер үлесінің өсуі қорландыру тұрақтылығын арттырды, алайда көтерме ресурстарға (ірі салымшылар мен институционалды инвесторлардың қаражатына) айтарлықтай тәуелділік назар аударуды қажет етеді. Депозиттердің долларлану деңгейі төмендей түсіп, валюталық тәуекелдер қолайлы деңгейде сақталды.

Отырыс барысында қатысушылар белсенді әрі мазмұнды пікір алмасып, есептің негізгі қорытындысы мен Қазақстан қаржы секторының даму перспективаларын талқылады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға