Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізді
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдерімен және екінші деңгейдегі банктердің бірінші басшыларымен кездесу өткізді.
Іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде берген тапсырмалардың орындалуын талқылады. Банктердің еркін өтімділігін экономикалық айналымға тарту, цифрландыру, қаржы технологияларын ілгерілету және цифрлық активтер мен цифрлық теңге айналымын ырықтандыру мәселелері қаралды.
Қаржы реттеушілерінің басшылығы банктер туралы жаңа заңды әзірлеу, экономиканы кредиттеудегіжүйелі шараларды іске асыру, банк секторының орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі тәсілдерімен таныстырды.
Кездесу барысында қатысушылар банк секторында жасанды интеллектті қолдану, инфляцияны тежеуге бағытталған макроэкономикалық шараларды іске асыру, сондай-ақ қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған макропруденциялық құралдар мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, Ұлттық Банк цифрлық теңгені айналымға енгізудің тұжырымдамалық мәселелерін түсіндіріп берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар банк секторын дамыту және нарықтың барлық қатысушылары үшін тиімді реттеуші ортаны құруға арналған диалогты жалғастыруға дайын екендігін білдірді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz