1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Басқармасы Ұлттық қор бойынша есепті бекітіп, қаржы нарығын қорғауға қатысты бірқатар қаулы қабылдады

Қазақстан Ұлттық Банкі ҚҰБ Басқармасының кезекті отырысы өткенін хабарлайды. Отырыста ақша және валюта нарығын дамыту мәселесі қаралып, Ұлттық қордың 2025 жылғы II тоқсанындағы сенімгерлік басқару нәтижесі туралы есеп бекітілді.

2025 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, республикалық бюджетке 3,12 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер бөлінгеніне қарамастан, Ұлттық қордың валюталық активтері 1,46 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 60,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өсімге 1,83 трлн теңге көлеміндегі түсімдер мен 4,55 млрд АҚШ долларына тең немесе 7,8% мөлшеріндегі қомақты инвестициялық кіріс ықпал етті.

Бірінші жартыжылдықта Ұлттық қордағы активтердің өсуіне мына басты факторлар түрткі болды: жаһандық акциялар портфелі (1,75 млрд АҚШ доллары немесе 9,2%), дамыған елдердің мемлекеттік облигациялар портфелі (1 млрд АҚШ доллары немесе 6,6%) және алтын портфелі (0,7 млрд АҚШ доллары немесе 25,3%).  

Алаяқтық белгілері бар төлем операциялары бойынша дерек алмасу орталығының қызметін ұйымдастыру ережелері қабылданды. Бұл құжат заңсыз алаяқтық операцияларды бұғаттау және қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Антифрод-орталыққа қатысушылардың өзара іс-қимыл тәртібін бекітеді. Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтарға қаражатты ақшалай қайтару рәсімдері мен Антифрод-орталығының дерекқорына енгізілген адамдарға қаржылық қызметтердің шектеулі тізбесін ұсыну қағидалары айқындалған.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу және қаржы нарығын дамыту туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында Қазақстан Ұлттық Банкінің қаулыларына өзгерту енгізілді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, үлестік қатысу мәмілелері бойынша есеп айырысу тек қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізіледі және банктер мәміле шартының «Қазреестр» жүйесінде тіркелуін міндетті түрде тексереді. Сондай-ақ, төлем мақсатының жеке коды енгізіліп, операцияларды орындау ерекшеліктері нақтыланады.

Сонымен қатар, қаржы нарығын дамыту және тұтынушы құқығын қорғау мәселелері бойынша Заңға енгізілген өзгерістер аясында макропруденциялық нормативтер мен лимиттер әдістемесін әзірлеу және олардың мәнін айқындау өкілеттігі Ұлттық Банктің құзыретіне берілді. Бұған контрциклдік капитал буфері (ККБ), салалық ККБ, қарыз алушының қарыз жүктемесінің коэффициенті және қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті жатады. Банктер экономикалық өсім кезеңінде ККБ мен салалық ККБ қалыптастырады. Бұл қаржылық құралдар дағдарыс жағдайында несие беруді тұрақтылыққа нұқсан келтірмей қолдау үшін пайдаланылады. Қарыз жүктемесінің коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті халықтың борыштық жүктемесін шектеуге бағытталған.

Сондай-ақ, Ұлттық Банк Басқармасы 2026–2027 жылдарға арналған коллекциялық монеталарды шығару тақырыптарын айқындап, «Сақ стилі» сериясын жалғастыратын 500 теңгелік банкнотаның дизайнын бекітті.

Қосымша ақпаратты БАҚ өкілдері келесі байланыс құралдары арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға