Ұлттық Банк «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығымен бірге педагогтар мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру курстарын іске қосады
Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп, мектептердің және колледждердің мұғалімдері мен оқушыларының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған курстар топтамасын бастайды.
Жоба 10 мыңға жуық оқытушыны қамтып, педагогтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және экономика негіздері, қаржылық сауаттылық пен жеке деректердің қауіпсіздігі туралы білімін жетілдіруге бағытталған.
Оқыту курстары Ұлттық Банктің өңірлік филиалдары базасында өтеді. Оған Ұлттық Банктің мамандары мен «Өрлеу» орталығының кәсіби тренерлері жетекшілік етеді. Оқыту жобасы кейіннен бейнетренингтер негізінде интерактивті форматта жалғастыру мүмкіндігімен 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Жобаның алғашқы кезеңінде заманауи оқыту әдістемелерін меңгерген Ұлттық Банктің өңірлердегі 45 қызметкері сертификат алды. Тағы 55 маманды қамтитын оқытудың келесі кезеңі 25-26 тамызда өтеді.
Жалпы алғанда, Ұлттық Банктің өңірлердегі 100 қызметкері педагогтарға қаржылық сауаттылық негіздері жөнінде тәлім беретін тренерлер қатарына қосылады.
Бұдан кейін жоба кезең-кезеңімен іске асырылады.
Қыркүйектен бастап «Ғаламдық құзыреттер» пәнін оқытатын мектептер мен колледждердің 6 мыңға жуық мұғалімі бес күндік курстан өтеді. 2026 жылы бағдарламамен шамамен 4 мың педагог қамтылады.
Білім беру саласының мамандары меңгерген жаңа дағды мен білім кейіннен барлық мектептің оқу процесіне енгізіледі.
Бұл бастама – қаржы мәдениетін білім беру жүйесімен жүйелі түрде ықпалдастыруға және оқушылардың өз қаржысын тиімді басқару дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz