Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтингін «BBB» деңгейінде растады
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам – «тұрақты». Агенттік рейтингті қолдайтын негізгі факторлардың қатарында сыртқы резервтердің айтарлықтай көлемде сақталуы мен фискалдық тұрақтылықты атап өтті. Сонымен, Fitch Ratings экономиканың шикізат тәуелділігін азайту және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттыру қажеттігіне назар аударады.
Агенттіктің бағалауынша, 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің таза сыртқы активтері сақталады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш осыған ұқсас рейтингке ие елдердің орташа деңгейінен едәуір жоғары. Аталған активтердің көлемі, негізінен, Ұлттық қордың валюталық актвитерімен (60 млрд АҚШ доллары) және Ұлттық Банктің халықаралық резервтерімен (54 млрд АҚШ доллары) байланысты болжамдарға негізделіп отыр.
Fitch Ratings болжамына сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ 5,6%-ға дейін өсім көрсетеді деп күтілуде. Мұндай өсімге мұнай өндіру көлемінің артуы мен мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетілетін фискалдық және квазифискалдық қолдау ықпал етпек.
Fitch Ratings пікірінше, осы жылы орташа жылдық инфляция 12% деңгейінде қалыптасады. Бұл көрсеткішке кредиттеу қарқынының жеделдеуі, коммуналдық тарифтердің өсуі және 2024 жылдың екінші жартыжылдығындағы теңге бағамының әлсіреуі әсер етеді. Fitch Ratings алдағы уақытта көтерілетін тарифтер мен салық реформасы инфляцияның бәсеңдеуіне ықпал етіп, 2027 жылға қарай оны 8%-ға дейін төмендетеді деп күтеді.
Агенттік атап өткендей, егер құрылымдық реформалар сәтті жүзеге асып, макроэкономикалық тұрақтылық нығайып, фискалдық саясат тұрақты түрде жалғасатын болса, онда Қазақстанның рейтингін көтеру мүмкіндігі қайта қаралуы мүмкін.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz