1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер бойынша Ұлттық Банк қаулысының жобасы әзірленді

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәні мен есептеу әдістемесін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулы жобасы (бұдан әрі – Жоба) әзірленгенін хабарлайды. Құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс мәселелері және артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымда № 205-VIII  Заңды (бұдан әрі – Заң) іске асыру аясында дайындалды.

Жоба Ұлттық Банктің макропруденциялық саясат саласындағы өкілеттігін іске асыруға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жүйелік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.

Жобада банктер мен бейрезидент-банктердің филиалдары үшін келесі макропруденциялық құралдарды пайдалану көзделген:

  • Капиталдың контрциклдік буфері (ККБ), секторалды ККБ – экономикалық өсу кезеңінде банктер жинайтын капитал буфері. Дағдарыс жағдайында банктер оны тұрақтылыққа нұқсан келтірмей несиелеуді қолдау үшін пайдалана алады;
  • Қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК), қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті (КБК) – халықтың борыштық жүктемесін шектейтін көрсеткіш.

Айта кету керек, бұл макропруденциялық құралдар іс жүзінде қолданылып келеді және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті НҚА-мен[1] бекітілген. Аталған құралдар Заңның қабылдануымен олардың макропруденциялық сипатын, яғни жүйелік тәуекелдерді төмендетуге бағытталғанын ескере отырып, Ұлттық Банктің периметріне ауыстырылды.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі отырысында халықты кредиттеу сегментінде сараланған тәуекел-активтердің 2%-ы мөлшерінде секторалды ККБ енгізу туралы шешім қабылданды. Банктер 2026 жылғы 1 сәуірден бастап секторалды ККБ-ны қажетті деңгейде қолдай бастайды.

Жобаны іске асыру қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жүйелік тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Жобаның негізгі ережелері бар ақпараттық кестемен ашық нормативтік құқықтық актілердің ресми интернет-порталында танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15554084.

[1] - Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 Қаулысында «Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелерін, капиталының мөлшерін және ашық валюталық позицияны есептеу қағидалары мен оның лимиттерін белгілеу туралы»;

- «Қазақстан Республикасының резидент емес банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасының резидент емес ислам банктерінің филиалдары) үшін пруденциалдық нормативтерді және өзге де сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және активтерді қалыптастыру тәртібін қоса алғанда, есеп айырысу әдістемесін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 жылғы № 23 қаулысы резерв ретінде қабылданатын Қазақстан Республикасының резидент емес банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасының резидент емес ислам банктерінің филиалдары), және олардың ең аз мөлшері».

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 775-138
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға