1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Антифрод-орталықтың функционалдығын кеңейту туралы қаулы жобасын әзірледі

Қазақстан Ұлттық Банкі «Алаяқтық белгісі бар төлем транзакциялары бойынша дерек алмасу орталығының (ҚР Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚРҰБ Басқарма қаулысының жобасы (бұдан әрі – Қаулы жобасы) әзірленгенін хабарлайды.

Қаулы жобасы Қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң ережелерін іске асыру үшін әзірленді.

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға толықтырулар енгізіледі, олар мынаны көздейді:

- Антифрод-орталықтың жұмысы аясында алаяқтық белгісі бар транзакциялар бойынша бұғатталған қаражатты жәбірленушіге қайтару рәсімін жеңілдету. Қазір мұндай рәсім сот шешімі негізінде жүргізіледі. Жоба прокурор санкциялаған құқық қорғау органдарының хабарламасы негізінде қайтаруды ұсынады, бұл рәсімнің мерзімін жеңілдетеді әрі қысқартады;

- Антифрод-орталықтың функционалдығын кеңейту. Есірткі саудасы, қаржы пирамидасы қызметін ұйымдастыру және заңсыз ойын бизнесі саласындағы операцияларды бұғаттау және олардың алдын алу үшін, сондай-ақ өзге де заңсыз операцияларға қарсы іс-әрекет ету мақсатында қосымша дерекқорды (заңсыз операцияларға тартылған күмәнді және әшкереленген төлем карталары мен электронды әмияндар бойынша) құру жоспарланып отыр. Ол үшін осы дерекқорды пайдалану кезінде Антифрод-орталығына қатысушылардың өзара әрекеттесу алгоритмі де енгізіледі;

- қызмет көрсететін банктің шешімі бойынша Антифрод-орталықтың дерекқорындағы (шотын банк бұғаттаған) тұлғаларға қолжетімді қаржылық қызметтер тізбесін айқындау. Рұқсат етілуі мүмкін қызметтер мен операциялардың тізіміне зейнетақы, стипендия, жәрдемақы, басқа да әлеуметтік төлемдер немесе жалақы түрінде алынған қаражат сияқты түрлі әлеуметтік төлемдер мен түсімдер кіреді. Сондай-ақ салық, коммуналдық төлемдер мен кредиттер бойынша міндетті төлемдерді төлеуге рұқсат етіледі, алайда, тек әлеуметтік төлемдер немесе жалақы түрінде түскен сома шегінде ғана.

Жобада қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша Заңды іске асыру мақсатында енгізілген өзге де нақтылау және корреспонденттік нормалар белгіленеді.

Қаулы жобасымен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15551549).

Анықтама: Алаяқтық транзакциялар туралы деректер орталығы (Антифрод-орталық) 2024 жылдың шілде айында іске қосылды. Жоба құқық қорғау органдарымен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп іске асырылды. Бүгінгі таңда Антифрод-орталыққа 200-ден астам қатысушы қосылған.

Антифрод-орталық алаяқтық операцияларға қарсы тұру үшін құрылған, қаржы ұйымдарына алаяқтық операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық операциялар бойынша бірыңғай дерекқорды жүргізуді де көздейді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-55-77 (1741)
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға