1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктермен бірге мобильді және банкаралық QR-төлемдерді дамытудың жаңа кезеңін талқылады

2025 жылдың аяғына қарай барлық банк сервиске толықтай қосылады деп күтілуде

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өткізіп, Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін (бұдан әрі – БМТЖ) дамыту және телефон нөмірі мен бірыңғай QR-код арқылы жүзеге асырылатын банкаралық аударым сервистерін іске қосу мәселесін талқылады.

Кездесуде «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ банкаралық аударым жүйесінің қазіргі нәтижесі мен алдағы даму жоспарын таныстырды. Бүгінде бұл жүйеге екінші деңгейлі бес банк қосылған. Алғашқы қатысушы-банктер қосылған кезден бері телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударым көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тағы төрт банк сынақтан өту және техникалық тұрғыда біріктіру кезеңінде тұр. Барлық екінші деңгейлі банк бұл жүйеге 2025 жылғы қыркүйектен қалмай қосылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, жиында БМТЖ инфрақұрылымының тағы бір маңызды элементі – банкаралық QR-төлемдерді енгізу мәселесі талқыланды. Алаяқтардан қорғау тетігін күшейту мен жүйенің сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсатында клиент деректерін беру форматы қайта қаралды. Енді бұл форматта күмәнді және алаяқтық операцияларды қадағалауға мүмкіндік беретін толық әрі құрылымдалған ақпарат бар. Сондай-ақ, QR-төлемдер сервисіне қосылу бойынша банктерге қойылатын талап күшейтілді. Бұл шаралар жүйеге қатысушы тараптар арасында сапаның, қауіпсіздік пен сенімнің бірыңғай стандартын қалыптастырады.

Жиынды қорытындылай келе, тараптар QR-төлем форматтарын келісіп, техникалық жұмыстар аяқталған соң барлық банк қосылған жүйені толықтай іске қосу 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деген болжам айтты.

Қосымша ақпарат: Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі (БМТЖ) «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ базасында әзірленіп жатыр және клиенттер мен бизнеске ыңғайлы әрі қауіпсіз есеп айырысу құралдарын ұсынады. Бұл жүйе транзакцияларды барынша ашық етіп, қаражатты жоғары деңгейде қорғауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұрақты және заманауи қаржы инфрақұрылымын қалыптастырады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөміріне хабарласып ала алады:
+ 7 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға