1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк төлемдер мен ақша аударымдары мәселелері бойынша қаулыға түзетулер енгізеді

Қазақстан Ұлттық Банкі төлемдер мен ақша аударымдары мәселелері бойынша «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқарма қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірлегені туралы хабарлайды.

Жоба тұрғын үй құрылысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Заңдардың[1] ережелерін іске асыру мақсатында әзірленді.

Мәселен, үлестік қатысу шарттары (ҮҚШ) бойынша барлық төлем қолма-қол ақшасыз нысанда, оның ішінде уәкілетті құрылыс компаниясының банктік шотына банктер арқылы қолма-қол ақша енгізу жолымен жүзеге асырылуға тиіс екені көзделетін Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңға толықтыру енгізіледі.

Бұл талап тек бастапқы нарықтағы мәмілелерге (салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үй кешеніндегі үлесті сатып алу) қолданылады және тіркелмеген ҮҚШ-мен байланысты тәуекелдерден үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Үлескер төлемді жүргізу үшін арнайы төлем белгілеу кодын (ТБК) және үлестік қатысу шартының нөмірін көрсетуі керек. Банктер осындай ТБК-мен төлемдерді қабылдау кезінде бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелген ҮҚШ-ның бар-жоғын тексеретін болады. Егер шарт тіркелмеген болса, яғни уәкілетті құрылыс компаниясының қаражат жинауға құқығы болмаса, онда банк төлемді қабылдаудан бас тартады.

Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Заңға сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізіледі. Жобада табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге (жеке тұлғаларға) төленген ақшалай қаражатты үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салатын жаңашылдық көзделген. Бұл талап осындай төлемдердің сақталуын және халықтың оларды нысаналы пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осылайша, банктер ТЖ кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлеуге қатысты болса, оларды өндіріп алу туралы үшінші тұлғалардың талаптарын орындаусыз қалдырады.

Сонымен қоса, Жоба құқықтық мониторинг қорытындысы бойынша енгізілетін басқа да нақтылаушы және редакциялық өзгерістерді қамтиды.

Қаулы жобасымен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады.

[1] «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға