Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Орталық банктер кеңесінің отырысы өтті
Астана халықаралық форумы (AIF2025) қарсаңында елордада Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) қатысушы-елдердің Орталық (ұлттық) банктері кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) алғашқы отырысы өтті. Осы Кеңесті құруға бастамашы болған Қазақстан Ұлттық Банкі алғашқы отырыста төрағалық ету құрметіне ие болды.
Айта кететін жайт, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банк басшыларын қабылдау кезінде қаржы саласында ынтымақтастық аясын кеңейту ауқымды экономикалық және инвестициялық серіктестікке катализатор бола алатынын айтып, бұл процесте орталық банктер маңызды рөл атқаратынын айрықша атап өтті.
Алғашқы Кеңестің отырысына Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия орталық банктерінің басшылары қатысты. Сонымен қатар, бақылаушы мемлекет атынан шақырылған тұлға ретінде Мажарстан орталық банкінің өкілі мен Түркі мемлекеттері ұйымының Бас Хатшысы Кубанычбек Омуралиев те қатысты.
Отырыс барысында тараптар қазіргі экономикалық жағдай мен ақша-кредит саясатын, сондай-ақ әлемдік экономиканың жаһандық трансформациясы жағдайында орталық банктер мен үкіметтердің макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қабылдап жатқан шараларын талқылады. Тараптар орталық банктердің цифрлық валютасы мен финтехті дамыту мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Орталық банктердің басшылары экономикалық өсімді арттырып, қаржылық қызметтерді халыққа қолжетімді ете түсу үшін финтехті дамыту ісі – орталық банктердің алдында тұрған басым бағыттың бірі деген ортақ келісімге келді.
Кеңес жұмысының бастамасы сәтті болғанына мән берген қатысушылар орталық банктер арасындағы өзара тиімді байланыс нығая беретініне және аймақтық әрі жаһандық деңгейде маңызды платформа ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Кездесу соңында келешектің еншісіндегі ынтымақтастық бағыттары мен қол жеткізілген келісімдерді айшықтайтын Коммюнике қабылданды. Кеңестің екінші отырысы 2026 жылы Әзербайжанда өткізілілмек.
Еске сала кетейік, Кеңес қаржы саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТМҰ орталық банктерінің консультативті-кеңесші органы ретінде құрылып отыр. Оның құрылу барысы өткен жылдың 6 қарашасында ТМҰ-ның XI Саммиті аясында қол қойылған Меморандумда бекітілген.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz