1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және цифрлық активтерді реттеу тәсілдері туралы брифингке арналған ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұловтың баяндамасы

Сіздерді брифингте көргеніме қуаныштымын. Бүгін біз Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жобаларын іске асыру және цифрлық активтер нарығын реттеу тәсілдері туралы айтқалы отырмыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттерін іске қосты.

Олар:

  • Ұлттық төлем жүйесі,
  • Алаяқтық транзакцияларға қарсы ұлттық орталық,
  • Қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйесі,
  • Ашық банкинг және Цифрлық теңге платформалары.

Қазіргі уақытта қатысушылар санын көбейту және сервистерді масштабтау бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының мәртебесін, мақсаты мен міндетін бекітетін заңнамалық түзетулер әзірленді.

Банктерге Мобильді төлемдердің банкаралық жүйесіне қосылу міндеті көзделіп отыр. Бұл клиенттерге банкаралық QR төлемдер мен мобильді аударым сервистеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біз банктердің өзара тиімді жұмыс істеуін, қаржы қызметтерінің қолжетімді болуын және бәсекелестікті дамытып, тұтынушы құқығының қорғалуын қамтамасыз етуді көздейміз. Сонымен бірге еліміздің қаржы секторының дербестігін нығайтуды жоспарлап отырмыз.

Қаржы секторын цифрлық трансформациялаудың келесі өзекті бағыты – цифрлық активтер нарығын дамыту және реттеу.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық активтер айналымының құқықтық негізін қалыптастыратын заңнамалық түзетулер кешенін дайындады.

Түзетулер екі блокты қамтиды:

Бірінші блокта цифрлық қаржы активтерінің құқықтық мәртебесін анықтай отырып оларды іске қосу көзделеді.

Екінші блокта криптовалюта қызметін жеткізушілерді лицензиялау арқылы қамтамасыз етілмеген криптовалюталардың айналымын реттеу ісін енгізу бар.

Заңнамалық бастамалармен қатар Ұлттық Банкте цифрлық активтер бойынша реттеуші орта құрылады. Оның аясында нарық қатысушылары түрлі инновациялық сервистер мен технологияларды сынақтан өткізе алады.

Осы бағыттарды іске асыру туралы толығырақ менің әріптестерім айтып береді.

Жоғарыға