1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Кәсіпорындарды мониторингтеу: дайын өнім мен шикізаттың және материал бағасының өсу қарқыны артты

2025 жылғы I тоқсанда кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижеcі туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесі    

2025 жылғы I тоқсанда кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша дайын өнім мен шикізаттың және материал бағасының өсу қарқыны артты.   

Кәсіпорындар шығаратын өнімнің баға динамикасын өлшейтін диффузиялық индекс (ДИ) 59,8-ге (2024 жылғы IV тоқсанда – 57,8) дейін ұлғайды. 2025 жылдың ІІ тоқсанында кәсіпорындар дайын өнім мен шикізаттың және материал бағасының өсу қарқыны бәсеңдейді деп күтеді.

Дайын өнімнің бағасын белгілеу кезінде шикізат пен материалдың бағасы және сұраныс – кәсіпорындардың басым бөлігі үшін маңызды фактор саналады. Осылайша, 2025 жылдың І тоқсанында шикізат бағасы өсіп, ДИ 73 (2024 жылғы IV тоқсанда – 70,9) болды. Кәсіпорындардың дайын өніміне де сұраныс 2024 жылғы IV тоқсанның қорытындысы бойынша 51,0-ден 51,9-ға дейін артты.

Сұраныс бойынша өсім қарқынының артуы тауар өндіруде де, қызмет көрсету секторында да байқалды. Кәсіпорындар 2025 жылдың ІІ тоқсанында ол үрдіс нақты секторда жалғасады деп күтеді.

Жалпы алғанда, экономика бойынша сату рентабельділігінің орташа деңгейі (пайыздық төлемдерді, салық пен амортизация шығындарын шегергенге дейін) 24,7%-ға (25,0%) дейін біршама төмендеді. Алайда, ол тарихи орташа мәннен (23,3%) жоғары қалыптасып отыр.     

Кәсіпорындар бизнес жүргізудегі негізгі кедергілер деп – салық жүктемесінің деңгейін, экономиканың жай-күйін және бәсекелестіктің жоғары деңгейін айтады. Басқа да кедергілер қатарында білікті кадрлардың жетіспеушілігі, сатып алушыларды/сұранысты іздеу, лицензия мен рұқсат құжаттарын алудағы қиындықтар бар. Есесіне, қаржыландыруға қолжетімділік мәселесінің маңыздылығы төмендеген.        

Нақты сектордағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамалар негізінде жинақталған бағалауды көрсетуші – композиттік озыңқы индикатор (KOИ) нақты секторда экономикалық белсенділік жақсарғанын көрсетті.

I тоқсанда сауалнамаға 3450 кәсіпорын қатысты.  

Толығырақ – Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға