1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк Тобының Көктемгі кездесулеріне Ұлттық Банктің қатысу қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкінің делегациясы Төраға Т. Сүлейменовтің жетекшілігімен Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі – ХВҚ) және Дүниежүзілік Банк Тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу үшін АҚШ-та іссапармен болды.

Қазақстандық тарап ХВҚ Халықаралық валюта-қаржы комитетінің пленарлық отырыстарына, Швейцариялық кіші топтың және ХВҚ мен Дүнижүзілік банктің бірқатар алқалы отырысына, сондай-ақ орталық банктердің басшыларымен, Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азия елдерінің қаржы және экономика министрлерімен бірқатар кездесуге қатысты. Талқы аясында тараптар экономикалық перспектива, геосаяси шиеленісті күшейту, экономикалық өсімнің баяу үрдісі, борыштық жүктеменің ұлғаюы, сауда қақтығыстары және институционалдық реформа мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, қазақстандық делегация ХВҚ Директор-басқарушысының орынбасары Бо Лимен екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.   

Сонымен қатар, ХВҚ-ның Көктемгі кездесулері аясында «Governor Talks» форматында сұхбат ұйымдастырылды. Онда Т. Сүлейменов ҚР тәжірибесі мен инфляцияны бақылау шараларына, АҚШ-тың сауда саясатындағы өзгерістер секілді инфляциялық факторларға, сондай-ақ құрылымдық реформаларды іске асыруға және Қазақстанның фискалдық саясатын нығайтуға тоқталды.

Орталық банк Төрағалары мен ХВҚ-ның Швейцариялық кіші тобы елдерінің қаржы-экономикалық блог басшыларының, сондай-ақ Дүниежүзілік Банк Президенті Аджай Бангтың қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында сауда, экономиканың күн тәртібі, Орта дәлізді дамыту, мультимодальды логистика және цифрландыру мәселелері қаралды.

Дүниежүзілік Банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша Вице-президенті Антонелла Бассанимен және Дүниежүзілік Банктің қазынашысы Хорхе Фамильярмен екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өтті. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық Банк пен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасында институционалдық және экспертті-аналитикалық әлеуетті нығайтуға бағытталған негіздемелік келісімге қол қойылды. 

Сондай-ақ өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін АҚШ, Түркия, Венгрия және Грузия орталық банктерінің басшылығымен кездесулер өтті. Ұлттық валюталардағы өтімділікке қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ өзара есеп айырысулар мен сауда-саттықты жандандыру үшін қолайлы жағдай жасау үшін Ұлттық Банктің Төрағасы Т.Сүлейменов пен Түркия Орталық Банкінің Төрағасы Фатих Қарахан Валюталық своп бойынша келісімге қол қойды.

Сонымен қатар, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, құрылымдық реформаларды жүргізу және Қазақстанның қаржы нарығын дамыту мәселелері бойынша АҚШ Сауда палатасының өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Atlantic Council талдау орталығымен кездесуде аймақтағы және әлемдегі экономикалық өсу мен қаржы-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты болжамдар талқыланды. OFAC, FinCEN, АҚШ Мемлекеттік департаменті және Қазынашылық өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Қазақстанның қаржы нарығында қайталама санкция тәуекелдерін сейілту бойынша шараларға ерекше назар аударылды.

Қазақстандық делегацияның S&P Global Ratings, Fitch Ratings рейтингтік агенттіктерімен кездесу қорытындысы бойынша Қазақстандағы макроэкономикалық жағдай және қаржы нарығының даму үрдістері таныстырылды.

Инвестиция және қаржы компанияларының, Ұлттық Банктің контрсеріктестерінің қатысуымен өткен іс-шараларда Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын жаһандық индекстерге енгізу және ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Инвесторларды теңгелік құралдарға тарту аясында J. P. Morgan, Barclays және Bank of America алаңдарында инвесторлар үшін арнайы сессиялар өткізілді.

Осы жылдың 28 сәуірінде Ұлттық Банктің бастамасымен Нью-Йорк қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және 50-ден астам халықаралық инвесторлардың қатысуымен «Investment Opportunities in Kazakhstan» дөңгелек үстелі өтті.

Қатысушыларға Қазақстан экономикасының дамуына макроэкономикалық шолу, қаржы нарығындағы үрдістер, жоспарланатын негізгі IPO және SPO (Kazatomprom, Kazakhstan Temir Zholy, Air Astana), сондай-ақ ашық инвестициялық әріптестік құру бастамасы ұсынылды (OIP.KZ). Бұл Қазақстанға халықаралық инвесторларды тартуға, шетелдік инвесторлар үшін нарықтық қолжетімділікті кеңейтуге және жеке капиталдың рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

АҚШ-тан халықаралық инвесторларды тарту контекстінде қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарын орналастыру перспективалары мен олардың әлеуетін талқылауға ерекше назар аударылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға