Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық трансформация бойынша Quarterly Business Review өткізді
Қазақстан Ұлттық Банкі Цифрлық стратегияны іске асырудың аралық нәтижелерін талқылауға арналған Quarterly Business Review (QBR) форматында алғашқы отырысын өткізді.
Бірінші тоқсандағы басты нәтижелердің қатарында Деректер фабрикасының прототипін іске қосу, транзиттік деректер орталығын құру, гибридті бұлт пилоттық жобасы, Ұлттық Банктің әртүрлі қызмет бағыттары бойынша цифрлық үдерістерді оңтайландыру бар.
Ұлттық Банктің еншілес ұйымдары өз цифрлық бастамаларының тоқсандық нәтижесін де ұсынды. Ұлттық төлем корпорациясы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелерді таныстырды.
Бірінші тоқсанда Цифрлық теңгені қолданудың үш сценарийі толықтай жүзеге асты: мал сатып алуға арналған кредиттер, ҚҚС-ты қайтару мен «Талдықорған – Үшарал» пилоттық жобасына бөлінген Ұлттық қор қаражатын өз мақсатына пайдалану (магистральдық газ құбырын салу). Сондай-ақ, Антифрод-орталықтың мүмкіндіктері мен OpenAPI арқылы жеке тұлғалар арасында аударым жасау тетігінің іске қосылуы көпшілікке таныстырылды.
Мемлекеттік кредиттік бюро бірқатар жаңа цифрлық бастама ұсынды. Олардың ішінде «Кредит ақпаратын жинайтын бір терезе» прототипі, «Жеткізушінің жеке кабинеті», сондай-ақ талдау құралдарының топтамасы бар.
QBR форматы Цифрлық стратегияның жүзеге асырылуын талқылауды Ұлттық Банк басшылығының, IT-блоктың жобалық командалары мен жауапты құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен өтетін іскерлік шолу ретінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл формат Ұлттық Банкте цифрландыру офисінің негізгі форматы ретінде бекітілген және әр кезеңдегі өзгерістерді бағалау үшін қолданылатын болады.
Жоспарға сәйкес, келесі отырыс 2025 жылдың екінші тоқсан соңында өтеді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz