1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Сақ стилі» сериясынан номиналы 2 000 теңгелік жаңа банкнотаның қорғаныш элементтері туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап  2 000 теңгелік жаңа банкнотаның айналысқа шығарылғанын еске салады.

Бұл – «Сақ стилі» сериясымен шыққан үшінші банкнота. Ол дәстүрлі қазақ орнаментінің бастау негізі саналатын «Сақ стилінің» элементтеріне сүйенеді және ел мұрасы – көшпенділердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі тарихын бейнелейді.

ҚҰБ осы банкноталарды жалған ақша белгілерінен өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады және жаңа дизайндағы 2 000 теңгелік банкнотаның қорғаныш элементтерін таныстырады. Мұндай тексеру әдісі банкноталардың түпнұсқалығын анықтауға мүмкіндік береді.

Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы

Банкнотада бедер қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Банкнотаның бет жақ шеттерінде шығыңқы, жоғары бедерлі элементтер бар, олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп те бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде көк және жасыл түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық пульсация эффектісі пайда болады.

Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында артефакттың жарқыраған алтын бейнесі түріндегі патч голографиялық қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударған кезде тау шыңы мен номиналдың цифрлық кескіні орнаментке ауысып, сәуленің жан-жаққа таралу динамикасын көруге болады.

Банкнотаның екінші бетінде «Киік басы» артефактының көлемді бейнесіндегі Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Кейбір көркем элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояумен басылған.

Локальды су белгісі қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.

Номиналы 2000 теңгелік банкноталардың қорғаныш элементтері туралы ақпараттық материалмен https://nationalbank.kz/kz/news/zashchitnye-elementy-na-banknotah-nacionalnoy-valyuty---tenge, сондай-ақ ҚҰБ YouTube-арнасындағы https://www.youtube.com/watch?v=Z9_ZWTof5ek сілтемелерге өтіп, танысуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға