1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Макросауалнама: сарапшылар инфляция мен экономиканың өсіміне қатысты болжамдарын қайта қарады

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.

Мұнай бағасы мен экономиканың өсімі

Brent маркалы мұнайдың 2025 және 2026 жылдарға арналған бағасы бойынша болжамдар 1 баррель үшін тиісінше 75,0 және 72,0 АҚШ долл. деңгейінде сақталды. 2027 жылға арналған бағалау көрсеткіші баррель үшін 72,5 АҚШ долларына дейін сәл жоғарыға қарай біршама өзгерді.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты бағалаулар 2025 және 2027 жылдарға төмендеді. 2025 жылға арналған болжам 4,9%-тен 4,7%-ке, ал 2027 жылға – 4,5%-тен 4,3%-ке дейін қайта қаралды. 2026 жылға арналған күтулер 4,5% деңгейінде сақталды.

Инфляция мен базалық мөлшерлеме

Инфляция бойынша болжамдар барлық болжамдық кезеңде нашарлады. 2025 жылға арналған респонденттердің медианалық бағалауы 8,7%-тен 10,6%-ке, 2026 жылға – 7,0%-тен 9,0%-ке, ал 2027 жылға – 5,8%-тен 6,1%-ке дейін көтерілді.

Инфляцияға қатысты бағалаулар өзгергендіктен, сарапшылардың 2025-2027 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулері де жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Енді базалық мөлшерлеменің бағалауы бұрынғыдай жылдық орташа мәнмен емес, жыл соңындағы деңгеймен ұсынылатынын атап өткен жөн. 2025 жылдың соңына арналған болжамдардың медианалық мәні – 15,9%, 2026 жылға – 14,3%, ал 2027 жылға – 11,5%.

Сауалнамаға тартылған респонденттердің құрамы туралы

Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін еске саламыз. Ол қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы жайында нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолудан тұрады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға