Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы реттеушілерімен және ұйымдарымен бірқатар кездесу өткізді
26-27 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) делегациясы Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) жұмыс сапармен барды.
Сапар аясында БАӘ Орталық банкінің Төрағасы Халед Мохамед Балама, БАӘ бағалы қағаздар және биржалық тауарлар жөніндегі реттеушісінің Басшысы Валид Саид Абдул Салам Аль Авади, Абу-Даби Қор биржасының Төрағасы Ганнам Бутти Алмазруэй, Mubadala тәуелсіз инвестициялық қорының басшылығы, БАӘ халықаралық қаржы орталықтарының әкімшілігі, банк және финтех компанияларымен кездесулер өтті.
БАӘ Орталық банкімен кездесу барысында тараптар ағымдағы макроэкономикалық жағдай, сондай-ақ қаржы ағындарын басқару және цифрлық қаржы активтерін реттеу тәжірибесі туралы пікір алмасты. Нәтижесінде қаржы нарықтары мен FinTech-ті дамытудың үздік тәжірибемен алмасуға, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ орталық банктердің цифрлық валюталарын ілгерілетуге бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
БАӘ Бағалы қағаздар және биржалық тауарлар жөніндегі реттеушісімен кездесуде тараптар Tabadul (БАӘ) цифрлық биржалық сауда платформасы арқылы Қазақстандық қор биржасында (KASE) және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасында сауда-саттық нәтижелерін, сондай-ақ қор нарығының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты қарастырды. БАӘ Виртуалды активтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органының басшылығымен цифрлық қаржы активтерін реттеу және блокчейн-технологияларды дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасу өтті.
АХҚО басшылығымен бірлесіп БАӘ Халықаралық қаржы орталықтарын реттеу тәсілдерін талқылау, сондай-ақ осы орталықтардың юрисдикциялары шегінде операциялар мен өзара есеп айырысуларды жүргізу үшін Әбу-Даби қаржы орталықтарының (ADGM) және Дубайдың (DFSA) әкімшіліктерімен кездесу өтті.
Әбу-Даби қор биржасымен кездесу қорытындысы бойынша тараптар капитал нарықтарында инфрақұрылымды дамытудың және биржалық нарықта сауда құралдарының өтімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстанмен инвестициялық әріптестікті кеңейту перспективалары туралы Mubadala инвестициялық холдингімен және First Abu Dhabi Bank-пен, сондай-ақ Қазақстанның қаржы нарығында жасанды интеллекті белсенді дамыту үшін инфрақұрылым құру мәселелері бойынша BCG және Microsoft жетекші халықаралық компанияларының өңірлік өкілдіктерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz