Капитал нарықтарын дамыту жөнінде стратегиялық сессия өтті
2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алаңында Қазақстан Республикасының капитал нарықтарын дамыту жөнінде стратегиялық brainstorm-сессия өтті. Іс-шараға Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) және KASЕ – Қазақстан қор биржасының басшылығы қатысты. Сессия кезінде тараптар қор нарығы мен елдің қаржылық инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ жергілікті биржа алаңдарының өтімділігін арттыратын бірқатар шараны қолға алуға келісті.
Атап айтқанда, Қазақстанның капитал нарығын экономиканы қаржыландыру көзі ретінде дамыту бағыттары, инвестициялық құралдарды кеңейту, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің алдағы IPO-сы, өтімділікті арттыру және реттеуші ортаны одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, цифрлық активтер айналымына жағдай жасайтын теңгерімді институционалдық және реттеуші орта құру және дамыту шаралары қаралды.
Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар бағалы қағаздар нарығын жандандыру және Қазақстанның қаржы секторына инвестиция тарту мәселелері туралы ұсыныстар айтты. Қор нарығына капитал тартудың қосымша көзі ретінде институционалдық инвесторлар мен бизнес өкілдерін белсенді түрде тарту қажет екеніне ерекше назар аударылды.
Жиынға қатысушылар қарастырылған бірқатар мәселелер мен шешімдерді дереу пысықтауға, сараптамалық және техникалық деңгейде іске асыруға келісті.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөмірі арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz