Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қытай Халық банкі Қаржылық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің отырысын өткізді
4 наурыз күні Астанада Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің Қаржылық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің отырысы өтті.
Оған Қазақстан қор биржасының, Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің, «Бәйтерек» холдингі тобының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты. Қытай делегациясын Қытайдың Мемлекеттік валюта басқармасы, Қытайдың валюталық сауда орталығы, Қытай даму банкі және Қытай экспортты-импорттық банкі ұсынды. Кіші комитеттің тең төрағалары Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мен Қытай Халық Банкі Төрағасының орынбасары Лу Лэй болды. Отырысқа екі елдің екінші деңгейлі банктерінің, қаржы ұйымдарының және мемлекеттік органдарының өкілдері де қатысты.
Тараптар ұлттық валюталарда өзара есеп айырысудың оң динамикасын атап өтті, «Алматы қаласындағы Қытай сауда-өнеркәсіп Банкі» АҚ-ның Қазақстан аумағында юаньмен операциялар бойынша клирингтік банк ретіндегі қызметінің қорытындыларын қарады, сондай-ақ екі елдің өзара қаржылық іс-қимылының басқа да мәселелерін талқылады.
Отырысқа қатысушылар төлем инфрақұрылымын, орталық банктердің цифрлық валюталарын, сондай-ақ сауда-саттық және жобалық қаржыландыруды дамытудағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге келді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz