Қазақстанда инфляция деңгейіне ақша массасы қалай әсер етеді. Ұлттық Банк талдаушылары жаңа зерттеу ұсынды
Қазақстан Ұлттық Банкі ақша массасы мен инфляция арасындағы өзара байланысты талдайтын «Инфляция – қашанда монетарлық құбылыс: Қазақстанда ол миф пе әлде ақиқат па?» атты экономикалық зерттеу жариялады.
Зерттеуде Ұлттық Банк талдаушылары теориялық негіздер мен эмпирикалық талдау нәтижелерін ескере отырып, қысқа және ұзақмерзімді кезеңдердегі ақшалай ұсыныстың инфляцияға әсерін зерттеп көрді.
Ақша массасының инфляциялық процестерге әсері мәселесі COVID-19 пандемиясынан кейін қайта өзекті бола бастады. Өйткені тым ауқымды ақша эмиссиясы әлемде бағаның тез өсуіне алып келді. Әртүрлі зерттеулер екі айнымалының жоғары корреляциясымен сипатталатын инфляциясы жоғары елдерде де, баға тұрақты және бағаның өсу қарқыны төмен елдерде де көрсеткіштер арасында маңызды байланыстың бар екенін растады.
Жүргізілген талдау Қазақстандағы ақша массасы мен инфляция арасындағы тәуелділікті растады, сондай-ақ инфляциялық өсіммен сәйкес келетін ақша ұсынысының шамадан тыс өсуін көрсететін бірнеше кезеңді анықтады. Қысқамерзімді кезеңге қарағанда ұзақмерзімді кезеңде ақша массасының бағаға әсері күшті. Өйткені қысқамерзімді кезеңдегі инфляцияға валюта бағамының ауытқуы, сыртқы күтпеген өзгерістер және басқа да қосымша факторлар әсер етеді.
Осылайша, зерттеу нәтижелері ақша массасының Қазақстандағы инфляциялық процестерге айтарлықтай әсері туралы гипотезаны растайды және ақша-кредит саясатын қалыптастыру кезінде монетарлық факторларды есепке алу маңыздылығын көрсетеді.
Зерттеу нәтижелерімен толығырақ ҚҰБ интернет-ресурсында танысуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz