Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өткізді
Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қатысуымен қаржы секторын дамыту мен экономиканы кредиттеудегі өзекті мәселелерді талқылау үшін екінші деңгейлі банк басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуде тараптар банктердің нақты секторға кредит беру ісін кеңейту, сондай-ақ «Даму «КДҚ» АҚ негізінде арнайы кепілдік қорын құру арқылы шағын және орта бизнеске берілетін кредиттерге кепілдік беру тетігін құру мәселелері бойынша пікір алмасты. Синдикатталған (бірлескен) қаржыландыру және ортақтаса қаржыландыру арқылы инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысын жандандыру және Жобалық офис мәртебесін күшейту жөнінде шешім қабылданды.
Кеңеске қатысушылар Мемлекет басшысының азаматтарға мерзімі өткен кредиттерге қатысты проблемаларды шешуге көмек көрсету бөлігіндегі тапсырмасын орындау шараларын талқыға салды. Қаржы секторының өкілдері проблемалық қарыздар мен халықтың борыштық жүктемесінің деңгейін төмендетуге қатысты механизмдерді ұсынатын болды.
Нарыққа қатысушыларға Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде Цифрлық теңгені ендіру, Антифрод-орталық пен ұлттық төлем жүйелерін одан әрі дамыту жөніндегі бастамаларды іске асырудың ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат ұсынылды.
Жаңа әзірленіп жатқан банктер туралы заң аясында Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын, оның жұмыс істеу қағидаттарын, қатысушылар арасында жауапкершілікті бөлуді және қаржы нарығының барлық қатысушылары үшін оның сервистеріне қосылу міндеттілігін қоса, заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланған.
Нарыққа қатысушылармен бірге цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған реттеуші ортаны құрудың тұжырымдамалық тәсілдері де талқыланды.
Кездесу соңында экономиканы кредиттеу және қаржы нарығын дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмысты жүйелеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.






Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz