1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

IV бап бойынша миссияның қорытындылары туралы ХВҚ есебі

2025 жылғы 31 қаңтарда Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстанға жасалған миссияның қорытындысы бойынша Персонал есебін (Staff Report) жариялады. Ол миссия 2024 жылғы 18 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өткен болатын.

ХВҚ Қазақстан экономикасының тұрақтылығын, инфляция деңгейінің төмендегенін, қолайлы макроэкономикалық жағдай қалыптасқанын және саяси тұрақтылық барын атап өтті. Есепте мемлекеттің ауқымды ішкі және сыртқы резервтері, ақша-кредит саясаты трансмиссиясының (әсері) соңғы жылдарда жақсарғаны және тұтынушылық кредиттеу өскеніне қарамастан банк жүйесінің тұрақты екені айтылады. Яғни, реттеушілік талаптарды сақтау және қайталама санкциялардың алдын алу аймақтық шиеленістердің экономикалық әсерін азайтуға ықпал етті.

Қолайлы фактор ретінде валюта бағамының икемділігі аясында ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру, сондай-ақ базалық мөлшерлемені төмендетудегі Ұлттық Банктің байыпты ұстанымы аталды. Осының бәрі 2023 жылғы ақпаннан бері ішкі бағалардың тұрақтануына себеп болды.

ХВҚ 2025 жылы экономиканы қолдауға және Теңіз мұнай кен орнын кеңейтуге бағытталған бюджеттік шығыстар аясында экономикалық өсім 5%-ға дейін қарқын алады деп пайымдайды. Сауда-серікстес елдердің экономикасында өсім қарқынының баяулау ықтималдығы, аймақта ушығуы мүмкін шиеленістер, қайталама санкциялар, сондай-ақ шикізат тауарлары бағасының тым құбылмалы болатыны немесе экспорттық құбырлардың жұмысындағы іркілістер – тәуекел факторларының қатарында көрсетілген.

ХВҚ инфляция мақсатты деңгейге жақындағанша қатаң ақша-кредит саясаты режимін сақтауды, сондай-ақ ақша-кредит саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін құқықтық базаны жетілдіруді және Ұлттық Банк қызметінің институционалдық негіздерін нығайтуды ұсынады.

Белгісіз сыртқы орта жағдайында ХВҚ экономиканы әртараптандыру жөніндегі құрылымдық реформаларды жеделдету арқылы Қазақстан экономикасының тұрақтылығын арттыру маңыздылығына назар аударады. Негізгі ұсынымдардың қатарында – мемлекеттің экономикадағы рөлін одан әрі төмендету, жеке секторды дамытуға жәрдемдесу және «Жасыл экономика» аясында бастамаларды іске асыру бар. Ұлттық қордың ресурстарына шамадан тыс тәуелділікті болдырмауға бағытталған күш-жігер мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы кең реформалардың бөлігі болуы керек.

Сарапшылар фискалдық шоғырландырудың, ашықтықтың және бюджеттік қағидаларға негізделген фискалдық жүйенің негіздерін нығайту маңыздылығын атап көрсетеді. Қаржылық тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында 2023 жылы өткізілген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) ұсынымдарын одан әрі іске асыруды ұсынады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға