1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

ҚҰБ монеталары сатылатын интернет-дүкеннің және мобильді қосымшаның жаңартылған нұсқасын іске қосу туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) 2025 жылғы 4 ақпаннан бастап монеталарды сатуға арналған https://kazcoins.nationalbank.kz интернет дүкенінің жаңартылған нұсқасы іске қосылатынын хабарлайды.

Жаңа нұсқада интерфейс жаңартылып, пайдаланушы функционалы кеңейтілді, киберқауіпсіздік жетілдіріліп, ақпараттық жүйенің жұмысы оңтайландырылды. Сонымен қатар пайдаланушыны тіркеу мен авторизациялау қызметінің жаңа мүмкіндігі пайда болды. Енді электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланудан басқа қашықтан тексеру сервисі арқылы биометриялық сәйкестендіру опциясы іске қосылады. Биометриямен жұмыс істеу үшін стационарлық компьютерде немесе ноутбукта камера болуы шарт.

Жаңартулар сайттың IT-инфрақұрылымына жүктемені азайту арқылы қызметтің сапасы мен жылдамдығын жақсартуға бағытталған. Бұл барлық пайдаланушы үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге, жалған есепке алу жазбаларын жасауға жол бермеуге, жүйені интернет-боттардан және DDoS-шабуылдардан қорғауға мүмкіндік береді.

Жаңа нұсқада ҚҰБ коллекциялық монеталарының цифрлық каталогы да бар. Онда барлық шығарылған монета мен олардың серияларына қысқаша сипаттама беру арқылы тақырыптық бөлімдер қамтылған, ал жекелеген монеталар үшін бейнероликтерге сілтеме бар.

Сонымен қатар ҚҰБ Kazcoins мобильді қосымшасын іске қосты. Ол интернет дүкеннің функционалын толығымен қайталайды. Пайдаланушы қауым монеталарды веб-нұсқа арқылы да, қосымша арқылы да сатып ала алады. Мобильді қосымшада тіркеу мен авторизация тек қана биометриялық сәйкестендіру арқылы, ал веб-нұсқада екі әдіспен де жасалады.

Интернет-дүкенге бұрын тіркелген пайдаланушыға қайта тіркелу міндетті емес. Мобильді қосымшаны пайдалану үшін қайта тіркелмей-ақ биометриялық сәйкестендіруден өту жеткілікті. Пайдаланушының барлық дерегі веб-нұсқамен автоматты түрде біріктіріліп, бүкіл тапсырыс тарихына, реттеу параметрлеріне және дербес ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мобильді қосымшаны Google Play және AppStore дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

Google Play

AppStore 

Интернет-дүкеннің және мобильді қосымшаның жұмысына қатысты өтініштерді ҚҰБ Байланыс орталығы 1477 нөмірі арқылы қабылдайды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға