Антифрод-орталықтың жұмыс қорытындысы: 1,4 млрд теңгеден астам қаражатқа пара-пар күдікті операциялар бұғатталды
Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы алаяқтық операцияларды анықтау және алдын алу бойынша жұмысын белсенді атқарып келеді.
6 ай ішінде платформа аясында 17 802 жағдай тіркелді. Нәтижесінде шамамен 1,54 миллиард теңге дер кезінде бұғатталды. Оның ішінде жіберуші банк жағында – 1,1 миллиард теңгеден астам, алушы банк тарапынан – 343,4 миллион теңге. Зардап шеккендерге 88,9 миллион теңге ерікті түрде қайтарылды.
Антифрод-орталықтың мәліметіне сәйкес, алаяқтықтың ең көп тараған түрлері: телефон арқылы жасалатын алаяқтық – тіркелген оқиғалардың жалпы санының 26,2%-ы, жалған инвестициялау – 19,5%, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық – 15,9%.
Заңнаманың талаптарына сәйкес, қаржы ұйымдары операциялардың орындалуын тоқтата тұруға немесе банктік шоттағы ақшалай қаражатты бұғаттауға құқылы. Бұл клиенттің өтініші негізінде алаяқтық белгілері бар транзакция анықталған жағдайда жасалады. Сонымен қатар қылмыстық қудалау органдарынан расталған ақпарат болған кезде бұғаттау жүргізілуі мүмкін. Бұдан бөлек, банктер күмәнді транзакцияларды анықтаса, операцияны өз бетінше тоқтата алады.
Соңғы уақытта банк шоттарының бұғатталуына қатысты азаматтар тарапынан Ұлттық Банкке түсіп жатқан өтініштер көбейгені байқалады. Осыған байланысты Ұлттық Банк Антифрод-орталықтың адамдарды дерекқорға енгізу немесе одан шығару туралы шешім қабылдау құқығына ие емес екенін, сондай-ақ банк шоттары мен төлем карталарын бұғаттамайтынын еске салады.
Антифрод-орталығы аясында оқиғалар мен деректер базасы қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдарының шешіміне сай қалыптасады. Антифрод-орталықтың деректер базасына енгізілген тұлғалардан шектеуді құқық қорғау органдарының тиісті шешімдері негізінде қаржы ұйымдары ғана алып тастайды.
Антифрод-орталықтың дерекқорына енгізілген азаматтар өздеріне қызмет көрсететін қаржы ұйымдарынан құқық қорғау органдарының жауапты бөлімшесі туралы мәлімет алуы қажет. Осы мәлімет негізінде тиісті бөлімшеге жүгініп, дерекқорға енгізу себебі мен шектеуді алып тастау тәртібін анықтауға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz