Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктерді капитал деңгейінің жеткіліктілігі бойынша мониторинг нәтижелерін талқылады
Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) кезекті отырысы өтті.
Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚҰБ), Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігінің басшылық құрамы қатысты.
Кеңес отырысында стандартты контрциклдік капитал буферін (бұдан әрі – ККБ) енгізуге негіз болатын көрсеткіштерге жүргізілген мониторингтің нәтижесі қаралып, бөлшек кредиттеу саласына секторлық контрциклдік капитал буферін енгізуге қатысты ұсыныстар талқыланды.
2024 жылдың III тоқсанында ҚҰБ жүргізген мониторинг нәтижесінде стандартты контрциклдік капитал буферін енгізу қажет екенін білдіретін белгілер анықталған жоқ. Дегенмен, қазіргі реттеу шараларын ескере отырып, Кеңес секторлық ККБ мәселесін 2025 жылдың бірінші тоқсанында қайта қарауды ұйғарды.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарға жатқызудың қосымша критерийлерін енгізудің орындылығына қатысты ұсыныстарды қарастырды. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижелері бойынша, қазір жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарын анықтаудың қолданыстағы әдістемесін өзгерту қажеттілігі анықталған жоқ.
Кеңес қаржылық тұрақтылыққа жағдай жасауға жәрдемдесу үшін қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылауды жалғастыратын болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері төмендегі телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz