«Сақ стилі» жаңа сериясынан номиналы 2 000 теңгелік банкнотаның қорғаныш элементтері туралы
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) жаңа дизайнда шыққан номиналы 2 000 теңгелік банкноталарды 2024 жылы 25 желтоқсанда айналымға шығарды. Банкноталар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.
ҚҰБ шынайы банкноталарды жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер бар екенін еске салады және 2024 жылғы үлгіде шыққан жаңа дизайндағы 2 000 теңгелік банкноталардың қорғаныш элементтерін ұсынады.
Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы
Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Банкнотаның бет жағындағы шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар, олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп те бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде жасыл және көк түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпілдің әсері пайда болады.

Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында артефакттың жарқыраған алтын бейнесі түріндегі Патч голографиялық қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударған кезде номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері байқалады.

Локальды су белгісі қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.

Банкнотаның екінші бетінде ақбөкеннің бас пішіні бейнесіндегі түсі өзгермелі Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Мұндай тексеру тәсілдері бірнеше секунд уақытты алады және кез келген адамға банкнотаның түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.
Номиналы 2 000 теңгелік банкнотаның қорғаныш элементтері туралы толығырақ ҚҰБ-тың YouTube арнасында танысуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz