Ұлттық Банк өкілдері Будапешт Еуразиялық форумына қатысты
20-22 қараша аралығында Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен делегациясы Мажарстан Ұлттық Банкінің Будапешт Еуразиялық форумына қатысу мақсатында Мажарстанға сапармен барды.
Биылғы форум Мажарстан Ұлттық Банкінің 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Шара ағымдағы экономикалық саясат, білімге негізделген экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайында болашақ қаржы жүйесін дамыту мәселелерін талқылауға арналды.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов экономиканың тұрақты өсу факторлары туралы панельдік сессияның спикері болды. Төрағаның орынбасары өз сөзінде макроэкономикалық тұрақтылық пен төмен тұрақты инфляцияның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуге жәрдемдесу, сондай-ақ қаржы саласындағы ESG қағидаттарын дамыту жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Қаржы нарығының тиімділігін арттырудың маңызды бағыттары ретінде ұлттық қаржы инфрақұрылымын мен инновациялық экожүйелерді дамыту белгіленді.
Талқылау барысында орталық банктердің, зерттеу институттарының және халықаралық ұйымдардың өкілдері экономиканың әл-ауқат деңгейін бағалаудың балама әдістері туралы пікір алмасты. Төмен тұрақты инфляция тұрақты экономикалық өсуге негіз жасап, инклюзивті экономика көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Сапар аясында Мажарстанның Ұлттық Банкі басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Инвестициялық және банкаралық ынтымақтастықтың өсу перспективаларына, сондай-ақ орталық банктердің сараптамалық өзара іс-қимылына ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, Венгрияның екінші деңгейлі ең ірі банктері, MBH Bank және OTP Bank-пен кездесулер өтті. Қазақстанның Орталық Азиядағы елдік әлеуетін және орнықты өсу перспективаларын ескере отырып, қазақстандық тарап Мажарстанның қаржы институттарын Қазақстанның қаржы нарығына қатысуын кеңейтуге шақырды.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz