Банктердің сауалнамасы: орта және ірі бизнеске арналған несиелерді мақұлдау үлесі ұлғайды
2024 жылдың III тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаевтың түсіндірмесі
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
III тоқсандағы кәсіпкерлік субъектілерінің кредитке деген сұранысы алдыңғы тоқсандағы деңгейде қалды, алайда оның құрылымында түрлі бағыттағы динамика байқалады.
Банктердің бағалауынша, ірі бизнестің кредитке деген сұранысында оң динамика сақталуы кредит ресурстары құнының біртіндеп төмендеуіне байланысты болып отыр. Жекелеген ірі банктер ықпал ету факторы ретінде қарызды қаржыландыруды қажет ететін бірқатар инвестициялық жобалардың жанданғанын атап өтті. Нәтижесінде ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 3%-ға т/т (тоқсаннан тоқсанға), 196-ға дейін өсті.
Бұл ретте шағын және орта бизнестің сұранысының азаюына, негізінен, 2024 жылға белгіленген лимиттердің игерілуіне байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландырудың уақытша тоқтатылуы себеп болып отыр. Сонымен қатар, жекелеген ірі банктер орта бизнестің белгілі бір салаларында белсенділік төмендегенін және айналымдардың қысқарғанын айтады. Ал шағын бизнеске келсек, жеке кәсіпкерлерге кредит беру шарттарының әсер еткені байқалады. Осыған қарамастан, III тоқсанда кей банктер шағын бизнес субъектілеріне арналған жаңа өнімдерді іске қосты. Нәтижесінде, шағын бизнестің кредит өтінімінің жалпы саны тоқсан бойынша 3%-ға өсіп, 845 мыңға жетті, ал орта бизнес бойынша бұл көрсеткіш 40%-ға төмендеп, 4,6 мыңға түсті.
Шағын бизнес субъектілерінің кредиттік өтінімдерін мақұлдау үлесі III тоқсанның қорытындысы бойынша 35% деңгейінде сақталды, ал орта және ірі бизнес субъектілері бойынша тиісінше 41% және 51%-ға дейін ұлғайды.
Келесі тоқсанда банктер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруды қайта бастау, сондай-ақ ірі бизнес тарапынан сұранысты одан әрі ұлғайту есебінен шағын және орта бизнес тарапынан сұраныстың қалпына келуін күтуде.
Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер
III тоқсанда жеке тұлғалардың ипотека мен автокредиттерге деген сұранысы сәл өскені байқалды, ал кепілсіз кредиттер мен қамтамасыз етілген тұтыну кредиттеріне деген сұраныс төмендеді.
Ипотекаға деген сұраныстың артуы банктердің мемлекеттік бағдарламалар аясында қосымша өтінім қабылдауына және құрылыс компанияларымен ынтымақтастық орнатуына байланысты болып отыр. Сонымен қатар, бір банктің ипотека өнімдеріне деген сұраныстың өсуіне бәсекелес банктердің кепіл талаптарын қатаңдатуы әсер етті. Нәтижесінде, кредит өтінімдерінің жалпы саны тоқсан бойынша 31%-ға (т/т) өсіп, 274 мыңға жетті.
Банктердің пікірінше, ұзаққа созылған өсімнен кейін кепілмен берілетін тұтыну кредиттеріне деген сұраныс аздап төмендеді. Бұл құбылысты банктер кепіл талаптарының қатаңдауымен байланыстырады. Алайда, кейбір банктердегі өтінім ағынының өсуіне байланысты түскен өтінімдер саны тоқсан бойынша 6%-ға (т/т) артып, 48 мыңға жетті.
Кепілсіз тұтыну кредиттеріне деген сұраныс реттеуге байланысты өзгерістер аясында аздап төмендегені байқалады. Дегенмен, банктердің пікірінше, сұраныстың төмендеуі тек талаптарға емес, оларды жүзеге асырудағы уақытша техникалық мәселелерге көбірек байланысты болды. Осылайша, түскен өтінімдер саны 21,8 млн-ға жетіп, алдыңғы тоқсандағымен салыстырғанда 5%-ға өсті.
Автокредиттерге деген сұраныстың сәл өсуі, банктердің пікірінше, серіктес автосалондардың маркетингтік шараларына және олардың жартылай субсидиялаған кейбір акция өнімдерін ұсынуына байланысты. Нәтижесінде, кредит өтінімдерінің саны тоқсан бойынша 10%-ға (т/т) өсіп, 1,1 млн-ға жетті.
Банктер 2024 жылдың IV тоқсанында автокредиттер мен тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныстың артуын күтеді, ал ипотека мен кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныстың артуы болжанбайды.
2024 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктердің сауалнамасына екінші деңгейдегі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізеді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz