1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк ХВҚ мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кездесулеріне қатысты

Төраға Тимур Сүлейменов бастаған Ұлттық Банктің делегациясы ХВҚ мен ДБ тобының жыл сайынғы кездесулеріне қатысу үшін АҚШ-қа сапар жасады.

Қазақстандық тарап Халықаралық валюта-қаржы комитетінің, ХВҚ Швейцариялық кіші тобының отырыстарына, сондай-ақ Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азия елдерінің орталық банк басшыларымен, қаржы және экономика министрлерімен бірқатар алқалы пікірталастарға қатысты.

Кездесулер барысында әлемдік және өңірлік экономиканың өсу перспективалары, геосаяси белгісіздік жағдайындағы ақша-кредит саясатының үрдістері талқыланды. Жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаларға, дамушы елдердегі борыштық әлсіздікті төмендету шараларына және халықаралық сауда-саттықты фрагменттеуге айрықша назар аударылды. Делегаттар орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу перспективалары мен жасанды интеллект негізіндегі технологиялық шешімдер туралы да пікір алмасты.

Дүниежүзілік банк тобымен стратегиялық ынтымақтастық аясында вице-президент Антонелла Бассанимен кездесу өтті. Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету, оның ішінде жасыл энергетиканы дамыту, цифрландыру, тиімділігі жоғары көлік жүйесі мен жол инфрақұрылымын құру жобаларын жетілдіру мәселелері талқыланды. Топтың инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Дүниежүзілік банк Қазақстанмен ынтымақтастықтың ортамерзімді стратегиялық басымдықтары жаңартылатын 2026-2030 жылдарға арналған елдік серіктестік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, АҚШ, Швейцария, Түркия және Иран орталық банктерінің басшылығымен ағымдағы өзара іс-қимыл, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және басқа да мәселелер бойынша кездесулер өтті.

Төраға Тимур Сүлейменов Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) дөңгелек үстелінің де басты спикері болып, онда «Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым: Қазақстанның цифрлық серпіліс сабақтары» тақырыбында CSIS зерттеуінің нәтижелері таныстырылды. Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктері мен тәжірибесі туралы панельдік пікірталас өтті.

Халықаралық рейтингтік агенттіктермен (S&P, Moody's), инвестициялық және қаржы компанияларымен, Ұлттық Банктің контр-серіктестерімен кездесулер барысында Қазақстандағы макроэкономикалық ахуал мен ұлттық қаржы нарығының даму үрдістері таныстырылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала аладыы:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға