Ұлттық Банк ХВҚ мен ДБ жыл сайынғы кездесулерінде цифрлық қоғамдық инфрақұрылым туралы баяндамасын таныстырды
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк Тобының жыл сайынғы кездесулері аясында (2024 ж. 21-26 қазан) «Structuring Digital Public Infrastructure Adoption: Lessons from KZ Policies» дөңгелек үстеліне қатысып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылым туралы баяндамасын таныстырды.
Баяндама Ұлттық Банктің қолдауымен Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығымен (CSIS, АҚШ) дайындалды. Құжатта Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесі мен цифрлық қоғамдық инфрақұрылым құрудағы тәсілдері қаралды.
Баяндамада цифрлық төлемдер үшін орта қалыптастыру, мемлекеттік және қаржылық қызметтерді қауіпсіз пайдалануы үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу және оларды банктік қосымшаларға интеграциялау ісіндегі Қазақстанның жетістіктері атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстан жаңа өнімдер мен қызметтерді сынау үшін реттеушілік құмсауыттарды (эксперименттік құқықтық режимдер) ұсына отырып, қаржы секторындағы инновацияларды жетілдіруде.
Тимур Сүлейменов дөңгелек үстел барысында кешенді цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және қаржылық қызметтерді көрсету саласында инновацияны дамыту үшін реттеушілік жағдай жасау шаралары жайында айтып берді.
Құжатта Қазақстанның цифрлық трансформациядағы тәжірибесі цифрлық жүйелер мен қызметтерді дамытуға бағытталған өзге де дамушы елдерде қолданылуы мүмкін екендігі айтылады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz