1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Макросауалнама: сарапшылар инфляция, ЖІӨ және базалық мөлшерлеме бойынша болжамдарын айтты

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.

Қыркүйекте мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде төмендеу жағына қарай қайта қарастырылды. Осылайша, Brent маркалы мұнай бағасы бойынша респонденттердің 2024 жылға күтулері орташа жылдық есеппен барреліне – 83,5-тен 80 АҚШ долларына дейін, 2025-2026 жылдарға – 80-нен 75 АҚШ долларына дейін төмендеді.

2024 және 2025 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар 4% және 5% деңгейінде сақталды, ал 2026 жылға болжам 4,4%-дан 4,5%-ға дейін біршама өсті.

Респонденттер 2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжамдарын 8%-дан 8,4%-ға дейін көтерді, ал 2025 жылға – 6,9%-дан 6,7%-ға дейін төмендетті. 2026 жылы инфляция бұрынғыдай 6% деңгейінде күтілуде.

Сарапшылар жоғары базалық мөлшерлеме бұрын күтілгеннен сәл ұзағырақ сақталады деп күтеді. Осылайша, 2024 жылға күтулер жылдық орташа 14,5%-дан 14,6%-ға дейін, 2025 жылға – 11,9%-дан 12%-ға дейін, 2026 жылға – 10%-дан 10,1%-ға дейін өсті.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін еске саламыз. Онда қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалады.

Толығырақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға