Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің траекториясына қатысты болжамдарды жариялай бастайды
Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеменің келешек траекториясын бағалауды 2024 жылдың қыркүйек айынан жариялай бастайтынын хабарлайды. Онда болжау раундында жүргізілген сауалнама арқылы алынған Ақша-кредит саясаты комитеті мүшелерінің пікірлері қамтылған.
Бұл шара Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясының негізгі мақсаттарына сәйкес инфляциялық таргеттеу режимін дамыту аясында реттеушінің ашық коммуникациялық саясатын одан әрі арттыруға бағытталған.
Траекторияны бағалау ЖІӨ және инфляция болжамдарымен бірге Ақша-кредит саясаты туралы баяндамаға қосылып, тоқсан сайын жылына 4 рет жарияланады. Мөлшерлеме траекториясы 3 жыл көлемінде медиана мен пікір ауқымы форматында көрініс табады.
Бірінші жарияланым 29 тамыздағы базалық мөлшерлемеге қатысты қабылданған шешімге сай 2024 жылғы 9 қыркүйекте болады.
Қазіргі уақытта инфляциялық таргеттеу режимін қолданатын бірқатар орталық банктер пайыздық мөлшерлеменің траекториясын белгілі бір форматта жариялайды. Жариялаудың ұзақ кезеңі Жаңа Зеландия, Швеция және Норвегия орталық банктерінде қалыптасқан. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі, Еуропалық орталық банк, Англия Банкі сияқты жетекші орталық банктер де мөлшерлеменің күтілетін динамикасын бағалайтынын хабарлайды.
Соңғы он жылда мұндай болжамдарды Грузияның (2016 жылдан бастап), ОАР (2017 жылдан бастап), Украинаның (2019 жылдан бастап), Чилидің (2020 жылдан бастап), Ресейдің (2021 жылдан бастап), Арменияның (2024 жылдан бастап) орталық банктері жариялай бастады.
Халықаралық тәжірибе туралы толығырақ ақпаратты Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында «Ақпан 2024. Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада» жарияланған бокстан табуға болады.
Айта кететін жайт, ақша-кредит саясатындағы негізгі мөлшерлеменің болжамы – орталық банк осы траекторияны қатаң ұстануға міндеттенеді дегенді білдірмейді, керісінше, мөлшерлеме траекториясын бағалау. Ол инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін қажет. Жаңа ақпарат немесе дерек пайда болған кезде, сондай-ақ сыртқы және ішкі жағдайлар өзгерген кезде мөлшерлеме траекториясы өзгеруі мүмкін.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz