1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Банктердің сауалнамасы: II тоқсанда ірі бизнестен түскен несие өтінімдерінің жалпы саны 190-ға жетті

2024 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Жандос Ыбраевтың түсіндірмесі

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнама нәтижесі бойынша II тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныстың оң динамикасы сақталды.

Ірі бизнес субъектілерінің сұраныс индексі аздап өсті. Көптеген ірі банктердің пікірінше, бұл – несиелік ресурстар құнының одан әрі төмендеуіне байланысты. Сонымен қатар, тау-кен, мұнай-газ және құрылыс саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жандануы да несиеге қатысты сұраныстың артуына әсер етті. Осылайша, ірі бизнес субъектілері тарапынан түскен жалпы несиелік өтінімдер саны т/т (тоқсаннан тоқсанға) 12%-ға өсіп, 190-ға жетті.

Ауылшаруашылық кешені субъектілері үшін қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары қайта жаңарып іске қосылуынан орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныс артты. Сонымен қатар, кейбір ірі банктер несие бойынша сыйақы ставкаларының біршама төмендеуінің әсері болғанын атап өтті. Осылайша орта бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны т/т 25%-ға – 7,7 мыңға дейін өсті.

Шағын бизнес тарапынан сұраныс мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидия мен кепілдеме беру арқылы қаржыландыру негізінде қолдау тауып отыр. Кейбір банктер аталған бағдарламаларға байланысты скоринг өнімдерінде уақытша қатаңдатуларға қарамастан, онлайн өнімдердің дамуы оң әсер еткенін атап өтті. Осылайша, шағын бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны т/т 4%-ға артып, 821 мыңды құрады.

Шағын және орта бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенттері тиісінше 36% және 38% көрсеткіштермен алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды. Ал ірі бизнес субъектілері бойынша бұл көрсеткіш 8 пайыздық пунктке төмендеп, 43%-ды құрады.

Орта және ірі бизнес субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемелерінің біршама төмендетілгенін қоспағанда, II тоқсанда банктер кредиттеу шарттарына айтарлықтай өзгерістер енгізбеді.

Келесі тоқсанда банктер кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрінен есепті тоқсан деңгейінде сұраныс сақталады деп күтеді және кредиттеу шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгізуді көздемейді.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

Жеке тұлғалардың ипотекаға деген сұранысы II тоқсанда біршама төмендеді, ал басқа тұтынушылық несиелерге сұраныс артты.

Ипотекаға деген сұраныстың төмендеуі өткен тоқсандағы несие беру шарттарының күшейтілуіне, сондай-ақ кейбір орташа банктердің қазіргі уақыттағы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға байланысты несие беруге деген дайындығының төмендеуіне байланысты. Бұл ретте басқа банктер клиенттер саны мен сапасын аздап арттыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде кредиттік өтінімдердің жалпы саны 3%-ға (т/т), 210 мыңға дейін төмендеді.

Кейбір банктерде несие беру шарттары аздап қатаңдатылғанына қарамастан, кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге сұраныс өсе түсті. Мұндай өсім осы түрдегі несиені белсенді насихаттаумен, сондай-ақ бірқатар банкте шешім қабылдау және өтінімдерді бақылау процесінің жақсаруымен байланысты. Нәтижесінде келіп түскен өтінімдер саны 20%-ға (т/т) – 46 мыңға дейін өсті.

Банктер маркетингтік шара арқылы клиент тарту нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс артқанын атап өтеді. Бұл ретте банктер несие беру шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгізбеді. Осылайша, келіп түскен өтінімдер саны 21,8 млн құрады. Бұл өткен тоқсаннан 1%-ға артық.

Банктердің пікірінше, серіктес автосалондардың маркетингтік шара мен осындай серіктестер ішінара субсидиялайтын бірқатар акциялық өнімдер ұсынылғандықтан, автокредитке сұраныс артты. Сөйтіп кредиттік өтінімдер саны 10%-ға (т/т) – 997 мыңға дейін өсті.

Ипотекалық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда 7 пайыздық пунктке (40%-ға дейін) өсті. Кепілсіз несие бойынша мақұлдау үлесі 27% деңгейінде сақталды, ал кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиелер мен автокредит бойынша тиісінше 5 және 2 пайыздық пунктке төмендеп, 34% және 15%-ды құрады.

2024 жылдың III тоқсанында банктер автокредит пен кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс артады деп болжайды. Ал ипотекаға және кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге деген сұраныстың артуын күтпейді.

2024 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға