Сауалнама: сарапшылар инфляция, ЖІӨ және базалық мөлшерлеме бойынша болжамдарын жария етті
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының мәні – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкеc, мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары өзгеріссіз қалды. Респонденттердің медианалық күтулері бойынша 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орташа есеппен баррель үшін 83,7 АҚШ доллары деңгейінде, ал 2025 және 2026 жылдары 1 баррель 80 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2024 жылға арналған болжамдардың медианасы 4,3%-дан 4,1%-ға дейін біршама төмендеп, 2025–2026 жылдарға арналған болжам 5% және 4,5% деңгейінде сақталды.
2024 жылға арналған инфляция болжамы 8,5%-дан 8%-ға дейін жақсарды. 2025–2026 жылдарға арналған инфляциялық күтулер 6,8% және 6% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Сарапшылардың биылғы жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша болжамдары жылдық орташа 14%-дан 14,4%-ға дейін, 2026 жылға – 9,2%-дан 10%-ға дейін өсті. Келесі жылға күтулер аса өзгермей, 11%-ды құрады.
Ұлттық Банктің макроэкономикалық сауалнамасына қатысушылар құрамы кеңейді. Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Макроэкономикалық сауалнамаға қатысушы респонденттердің құрамы Citigroup және ING халықаралық банктері мен «Эксперт РА» рейтингтік агенттігінің талдаушыларымен толықты.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары енгізілмейтінін атап өтеміз. Онда нарықтың кәсіби қатысушыларының қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалған.
Толығырақ: nationalbank.kz/kz/news/macrosurvey
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz