ҚРҰБ Басқарма отырысының қорытындысы туралы
Ұлттық Банктің Басқарма отырысында қаржы инфрақұрылымын цифрландыру және Ұлттық қор активтерін басқару мәселелері қаралды
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) ҚҰБ Басқармасының кезекті отырысы өткенін хабарлайды. Басқарма мүшелері реттеуші қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар мәселені қарады.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға байланысты жобалар қалай іске асырылып жатқаны туралы, мемлекеттік сатып алу мен бюджет шығысын барынша ашық етіп, тиімді ете түсу үшін цифрлық теңгені пайдалануға қатысты пилоттық жобаны іске асыру туралы баяндама тыңдалды. Алаяқтыққа қарсы күрес мақсатында қаржы нарығында Антифрод-орталық құрылды. Оны 2024 жылғы 1 шілдеде іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қаржы қызметтерін барынша қолжетімді ету, қауіпсіздікті сақтау және қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуіне қолдау көрсету үшін Open API платформасы мен банкаралық төлем карточкалары жүйесінің қызметін масштабтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жиында 2024 жылдың бірінші тоқсанына арналған Қазақстан Ұлттық қорын сенімгерлікпен басқару нәтижелерінің есебі бекітілді. Мәселен, есеп беріліп отырған кезеңде Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Ал Қордың кірістілігі осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 3,07%-ға жетті.
Ұлттық Банк Басқармасы Deloitte тәуелсіз халықаралық аудиторлық компаниясы әзірлеген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның 2023 жылғы жылдық қаржылық есебін де бекітті. БЖЗҚ портфелінің таза инвестициялық кірісі 1,6 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 77,7%-ға артық. Ұлттық Банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2023 жылы 10,1% болды.
Сондай-ақ, жиында қолма-қол ақша айналымын қамтамасыз ету және 2025 жылы Ұлттық валютаның банкноталары мен номиналдарын шығару тәртібі туралы мәселелер қаралды.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz