Fitch Ratings халықаралық агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін растады
17 мамырда Fitch Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен кредит рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам – «тұрақты». Кредиттік рейтингті растайтын негізгі факторлар – фискалдық тұрақтылық және айтарлықтай сыртқы резервтердің сақталуы. Олар сыртқы күйзелістерге қарсы орнықтылықты қамтамасыз етеді.
Fitch мәліметтері бойынша, елдің халықаралық резервтері 1,6 млрд АҚШ долларына (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2024 жылғы наурыз айына), ал өз кезегінде Ұлттық қор активтері 2,3 млрд АҚШ долларына өсті.
Fitch 2024 жылы ЖІӨ өсімі 3,8%-ға дейін баяулайды деп болжайды. Бұл болжам ішінара инвестицияның, құрылыстың және кредиттеу өсімінің баяулағанын, сондай-ақ елдің кейбір облыстарындағы су тасқынының әсерін көрсетеді. 2025 жылы мұнай өндірісі көлемінің артуы жағдайында ЖІӨ өсімі 5%-ға дейін жеделдейді деп күтілуде. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру ісі Орта дәліздің көлік секторын дамытуға және жаңартылатын энергия көздеріне тартылатын инвестицияны арттыруға ықпал етеді.
Fitch сарапшылары сәуірде инфляцияның 8,7%-ға дейін төмендегенін, азық-түлік инфляциясының аздап баяулағанын және 2023 жылдың қазан айынан бастап ұлттық валютаның тұрақтанғанын атап өтті. Fitch инфляция 2024 жылы 8,6%-ға және 2025 жылы 7,5%-ға дейін төмендеді деп болжайды. Бұл Ұлттық Банктің ортамерзімді мақсаты – 5%-дан жоғары.
Сонымен қатар, депозиттерді долларландыру деңгейі төмендегені атап өтілді. Fitch Ratings Ұлттық Банктің экономиканы қолдау бағдарламаларынан шығуы мен Ұлттық қордағы валюталық операциялардың ашықтығын арттыру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарын оң бағалайды.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты келесі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz