Кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг: дайын өнімге, шикізат пен материалдарға деген баға өсімінің қарқыны баяулап келеді
2024 жылдың І тоқсанында кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы ҚР ҰБ АКСД директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесі
2024 жылдың I тоқсанында кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша, дайын өнімнің, шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп, шетел валюталарына қатысты теңге бағамындағы өзгерістің теріс әсері сейілді.
Кәсіпорын өнімдерінің бағасы өсу тұрғысынан бәсеңдеу үрдісін жалғастырып келеді, диффузиялық индекс (ДИ) 57,0 құрады (2023 жылғы IV тоқсанда – 57,8). Кәсіпорындардың дайын өніміне деген сұраныс біршама өсті, ДИ 51,4 (49,4) болды.
Жалпы, экономика бойынша сатылымның орташа рентабельділігі (пайызды, салықтарды және амортизацияны төлеу бойынша шығысты шегергенге дейін) 22,9%-ға дейін (23,3%) төмендеп, бірнеше жыл бойы тұрақты қалпында қалып отыр.
Әдеттегідей, кәсіпорындар нарықтық бәсекені – бизнес жүргізудегі негізгі кедергі деп санайды. Бұл туралы сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 31,4%-ы мәлімдеді. Өзге кедергілер: Қазақстан экономикасының жай-күйі (30,9%); салық деңгейі (28,1%); білікті мамандардың тапшылығы (26,3%); сатып алушыларды іздестіру (25,1%); лицензия/рұқсат алудағы қиындықтар (16,6%); дебиторлық берешекті қайтарудағы қиындықтар (14,9%). Маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қолжетімділік 8-орында (14,4%) тұр.
Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнаманың біріктірілген бағалауын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) динамикасы нақты секторда экономикалық белсенділіктің жақсарғанын көрсетті – 100,3. ІІ тоқсанда КОИ көрсеткіші кәсіпорындардың күтулері бойынша 100,1 болды.
I тоқсанда сауалнамаға 3388 кәсіпорын қатысты.
Толығырақ: nationalbank.kz/kz/page/konyunkturnyy-obzor-rezultaty