1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама

Наурыз айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 446,77 теңгеге дейін қалыптасты. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 187 млн АҚШ долларынан 225 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін наурызда 748 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын және күніне 44 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.

Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық Банк наурызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрады.

Ұлттық Банк наурызда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы сәуірде Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларынан 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.

2024 жылғы сәуірде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіледі.

Ұлттық Банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

560.65 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға