1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

KÓKBÓRI инвестициялық монеталары сатуға шығарыла бастады

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) 2024 жылғы 6 наурызда KÓKBÓRI инвестициялық монеталары ҚҰБ аумақтық филиалдары арқылы сатыла бастайтынын хабарлайды.

Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына жасалған ҚҰБ ребрендингінің нәтижесі.

KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған. Эксклюзивті дизайнның арқасында KÓKBÓRI инвестициялық монеталары тек инвестициялық тұрғыда ғана емес, коллекциялау үшін де тартымды болып келеді.

Инвестициялық монеталар алғаш рет екі нұсқада жасалып отыр:

- номиналы 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік, proof сапада алтыннан соғылды.

- номиналы 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік, uncirculated сапада алтыннан соғылды.

- номиналы 1, 2, 5, және 10 теңгелік, proof сапада күмістен соғылған.

- номиналы 1, 2, 5, және 10 теңгелік, uncirculated сапада күмістен соғылған.

Proof сападағы алтын және күміс монеталарды дайындау кезінде интерференциялық құбылмалы қабат түріндегі қорғаныш элементі қолданылған. Сонымен бірге, uncirculated сападағы монеталардан айырмашылығы, бұл монеталар жеке ағаш қораптарда, қара (алтын монеталар үшін) және ақ (күміс монеталар үшін) түстерде шығарылады.

Инвестициялық монеталарды шығарудағы негізгі мақсат – халыққа ақша жинаудың немесе бағалы металдарға инвестиция салудың балама құралын ұсыну.

Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:

  • ұзақмерзімді перспективада инвестициялық кіріс алу;
  • монеталарды сатып алу кезінде қосылған құн салығының болмауы (кәдесый орауын қоспағанда);
  • бағалы металдың құрамы 99,99%-ды құрайды (999,9 сынама).

ҚҰБ инвестициялық монеталары ҚҰБ аумақтық филиалдары арқылы ғана сатылатынын, ал коллекциялық монеталар ҚҰБ-тың kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылатынын еске саламыз.

Барлық номиналдағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

ҚҰБ филиалдары инвестициялық монеталарды монета құрамындағы химиялық таза бағалы металдың салмағына қарай, сондай-ақ LBMA (Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығы) бағалы металдардың таңертеңгілік фиксингі негізінде есептелген бағамен қайта сатып алады.

Инвестициялық монеталар Қазақстан теңге сарайында жасалған.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына нөмірге хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға