1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Сауалнама: ІV тоқсанда банктермен бизнеске мақұлданған кредиттік өтінімдердің үлесі артты

2023 жылдың IV тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша ҚҰБ қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнама нәтижесі бойынша IV тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс т/т (тоқсаннан тоқсанға), атап айтқанда шағын және орта бизнес есебінен біршама төмендеді.

Шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныстың біршама төмендеуі көбіне мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты болды. Сонымен қатар, шағын бизнес субъектілеріне кредит беруді одан әрі дамыту стратегиясын қайта қарауға байланысты банктер тарапынан маркетингтік белсенділіктің төмендегенін атап өткен жөн. Осылайша, шағын бизнес тарапынан берілген кредиттік өтінімдердің жалпы саны т/т 10%-ға, 739 мыңға дейін, ал орта бизнес бойынша т/т 26%-ға, 5,8 мыңға дейін төмендеді.

Өз кезегінде, ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныс индексі жылдық жоспарды жабу және орындау бөлігінде ірі бизнес субъектілері белсенділігінің артуы есебінен, сондай-ақ кредиттік ресурстар құнының төмендеу үрдісінде оң әсерден IV тоқсанда біршама ұлғайды. Сөйтіп ірі бизнес тарапынан түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны т/т 6%-ға, 180-ге дейін өсті.

Есепті тоқсанда кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрі үшін өсті және шағын бизнес үшін 36%, орта бизнес үшін 43% және ірі бизнес үшін 76%-ды құрады.

Корпоративтік сектор үшін банктердің кредиттеу шарттары алдыңғы тоқсандағы деңгейде сақталды. Бұл ретте жекелеген ірі банктер кейбір өнімдерде сыйақы мөлшерлемесінің біршама төмендегенін атап өтті.

Келесі тоқсанда банктердің көбі несие ресурстарының құны одан әрі төмендейді деген күтулерге, сондай-ақ бірқатар ірі банктің шағын бизнес сегментін стратегиялық тұрғыда дамытуына байланысты бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс біршама өседі деп күтеді.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

IV тоқсанның қорытындысы бойынша жеке тұлғалар тарапынан несиеге сұраныс индексі ипотекалық кредиттерді қоспағанда, бөлшек кредиттеудің барлық өнімінде біршама өсті.

Ипотекалық несиеге деген сұраныс негізінен ірі банктерде кейбір кредиттеу шарттарының қатаңдатылуына және нарықтық өнімдерді маркетингтік жылжыту қарқынының төмендеуіне байланысты төмендеді. Осылайша кредиттік өтінімдер саны т/т 15%-ға, 215 мыңға дейін төмендеді.

Банктер тұтынушылық несиеде сұраныс біршама өскенін атап өтеді. Олардың пікірінше, бұл скорингтік модельді енгізумен және өтінім қарау рәсімін жетілдірумен байланысты. Бұл ретте кредиттік өтінімдер саны т/т 15%-ға артып, 36 мыңды құрады.

Есепті тоқсанда кепілсіз берілетін тұтынушылық қарыздарға сұраныс артты. Осының өзі өтінімдерді қарау рәсімін жақсартып, алдыңғы тоқсандарда онлайн өнімдер үлесін ұлғайтты. IV тоқсанда банктер өз өнімдерін қайта қараған жоқ. Кредиттік өтінімдер саны 21,1 миллион болды, бұл III тоқсандағы көрсеткіштен 10%-ға артық.

Автокредитке деген сұраныстың оң динамикада жалғасуы осы сегменттегі қатысушы банктер санының одан әрі ұлғаюымен, серіктестер тізімінің және сәйкесінше нарық үшін автосалондар субсидиялайтын өнімдер санының өсуімен түсіндіріледі. Осылайша автокредитке берілген өтінімдер саны т/т 16%-ға, 923 мыңға дейін өсті.

2024 жылдың I тоқсанында банктер ипотекалық қарыздар мен автокредитке деген сұраныс біршама төмендейді деп күтеді, ал тұтынушылық қарыздарға сұраныс, олардың пікірінше, сақталады.

2023 жылдың IV тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға