1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 28 шілде мен 4 тамыз аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 4 тамызда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,1%-ға (445,68 теңгеден) біршама нығайып, 1 АҚШ доллары 445,29 теңгені құрады.

2023 жылғы 28 шілде мен 4 тамыз аралығында сыртқы қаржы нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Мысалы, 2 тамыз күні мемлекеттік борыш ең жоғары шегінен асып түскендіктен және фискалдық саясаттың нашарлауына байланысты мамыр айында туындаған даулар аясында Fitch рейтингтік агенттігі АҚШ-тың ұзақ мерзімді тәуелсіз рейтингін «ААА»-дан «АА+»-ке дейін төмендетті. Бұл инвесторлар үшін күтпеген жағдай болып, Ақ үйдің ресми өкілдері тарапынан теріс реакция тудырды. Оқиғаның өзі АҚШ-тың ұзақмерзімді қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеуіне және қысқамерзімді қағаздар кірістілігінің артуына алып келді. Соның өзі дамушы нарықтардан қаражаттың әкетілуіне және АҚШ долларының нығаюына ықпал етті.

4 тамызда АҚШ-тың еңбек нарығы туралы деректер жарияланды. Мысалы, шілдеде ауыл шаруашылығына жатпайтын секторда жұмыспен қамтылғандар саны 200 000 болуы мүмкін деген болжаммен салыстырғанда 187 000 адамға ұлғайды. Ал жұмыссыздық деңгейі 3,5%-ға дейін төмендеді. Талдаушылардың пікірінше, аталған деректер еңбек нарығының қалпына келе бастағанын және биылғы шілде айындағы өсімнің соңғы рет болғанын көрсетуі мүмкін.

Жоғарыда аталған факторлар дамушы нарықтарда АҚШ долларына қатысты валюталардың теріс динамикасын көрсетті және ол төмендегідей қалыптасты:

  • түрік лирасы тұтынушылық инфляцияға қатысты деректер аясында 0,1%-ға (26,92-ден 26,96-ға дейін) әлсіреді;
  • Индонезия рупиясы қор нарығынан шетелдік инвестициялардың әкетілуі аясында 0,4%-ға (15 105-тен 15 170-ке дейін) әлсіреді;
  • үнді рупиясы жаһандық тәуекел-сентименттің төмендеуі аясында 0,7%-ға (82,26-дан 82,84-ке дейін) әлсіреді;
  • Мексика песосы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістерінің өсуі аясында 2,3%-ға (16,69-дан 17,08-ге дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы Бразилия орталық банкінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуін күту аясында 3,0%-ға (4,73-тен 4,87-ге дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі валюталық түсім ұсынысының айтарлықтай төмендеуі аясында 4,3%-ға (91,71-ден 95,69-ға дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды шетелдік инвесторлардың жергілікті МБҚ-ны сатуы аясында 4,7%-ға (17,63-тен 18,46-ға дейін) әлсіреді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға