1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 9-16 маусым аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 16 маусымда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,2%-ға (445,62 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 450,99 теңгені құрады.

2023 жылғы  9-16 маусым аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ-тағы жалпы инфляция мамырда бір айдағы есептеу бойынша 0,1%-ға (бұрынғы 0,4%-ға қарсы) өсті. Ал базалық инфляция 0,4% деңгейінде қалып отыр. Екі көрсеткіш те нарықтық күтуге сәйкес келеді. АҚШ ФРЖ ашық нарығындағы операциялар жөніндегі федералдық комитет базалық мөлшерлеменің ауқымын өзгеріссіз қалдырып, одан әрі қатаңдатуға бейімділігін сақтап қалды. Қытай Орталық банкі экономиканы ынталандыру мақсатында былтыр тамыздан бастап алғаш рет бір жылдық кредиттер бойынша мөлшерлемені (MLF) және кері репоның жеті күндік мөлшерлемесін тиісінше 2,65%-ға және 1,9%-ға дейін 10 базистік тармаққа төмендеткен еді.

Жоғарыда аталған факторлар дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі бағыттағы динамикасын көрсетті. Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] динамикасы төмендегідей қалыптасты:

  • Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел сентиментінің жақсаруы мен геосаяси шиеленістің әлсіреуі аясында 3%-ға (18,76-дан 18,19-ға дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы АҚШ-тағы инфляцияға қатысты деректер шыққаннан кейін және АҚШ ФРЖ-ның қатаңдату циклін тоқтатуын күту аясында 1,2%-ға (4,88-ден 4,82-ге дейін) нығайды;
  • Мексика песосы АҚШ долларының әлсіреуі мен ФРЖ-ның мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру жөніндегі шешімі аясында 1,1%-ға (17,28-ден 17,09-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы шетелдік капиталдың әкелінуі және төлем балансының профициті аясында 0,6%-ға (82,46-дан 81,93-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы мамырда сауда балансының оң сальдосы 440 млн АҚШ долларына жетуінен 0,7%-ға (14840-тан 14940-қа дейін) әлсіреді. Бұл – 2020 жылғы сәуірден бергі ең төменгі көрсеткіш;
  • түрік лирасы 0,9%-ға (23,42-ден 23,63-ке дейін) біршама әлсіреді. Инвесторлар 22 маусымда өтетін базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайтын кезекті отырысты күтіп отыр;
  • Ресей рублі экспорттаушылар тарапынан валюта ұсынысының шектелуіне орай импорттаушылар тарапынан сұраныстың кейінге қалдырылуы аясында 1,8%-ға (82,64-тен 84,14-ке дейін) әлсіреді. Орталық банк негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.


[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға