1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 28 сәуір – 12 мамыр аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу  

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 12 мамырда теңгенің нарықтық бағамы екі аптада 1,6%-ға (453,39 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 445,99 теңге деңгейінде қалыптасты.

2023 жылғы  28 сәуір мен 12 мамыр аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Мысалы, АҚШ ФРЖ инфляциялық қысымды азайту мақсатында мамыр айындағы отырыстың қорытындысы бойынша базалық мөлшерлемені тағы да 5,00-5,25%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтерді. Сәуірдегі инфляция туралы деректерде бағаның күткеннен де аз, яғни жылдық есеп бойынша 4,9%-ға өскені көрсетілді. Өндірушілердің сәуір айындағы баға индексі ж/ж 2,3%-ға өсіп, 2021 жылғы қаңтардан бері ең төменгі өсімді көрсетті. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілген алғашқы өтініштер саны 264 мыңға өсті. Бұл – бір жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Қытайдың Caixin PMI өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі сәуір айында 49,5-ке дейін төмендеп, сарапшылардың консенсус болжамынан төмен болды.

Жоғарыда көрсетілген факторлар дамушы нарықтардағы валюталардың әр түрлі бағыттағы  динамикасына алып келді. Дамушы елдердегі АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] динамикасы төмендегідей қалыптасты:

  • Ресей рублі 2,9%-ға (80,25-тен 77,92-ге дейін) нығайды. Бұған импорттаушылар тарапынан валютаға деген сұраныстың төмендеуі мен экспорттаушылар түсімінің бір бөлігін конвертациялаудың өсуі себеп;
  • Мексика песосы 2,3%-ға (18-ден 17,59-ға дейін) нығайды, себебі, сәуірде инфляция үшінші ай қатарынан ж/ж 6,25%-ға дейін бәсеңдеді;
  • Бразилия реалы шетелдік капитал әкелінгендіктен 1,4%-ға (4,99-дан 4,92-ге дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы 0,4%-ға (81,83-тен 82,17-ге дейін) әлсіреді. Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі Үндістан эмитентінің шетел валютасындағы дефолтының ұзақ мерзімді рейтингін тұрақты болжаммен «BBB-» деңгейінде растады;
  • Индонезия рупиясы 0,5%-ға (14674-тен 14751-ге дейін) әлсіреді. Оның алдында орталық банк инфляция төмендегендіктен негізгі мөлшерлемені арттыруға қатысты жоспар жоқ екенін мәлімдеген болатын. Сәуірде инфляция ж/ж 4,3%-ға дейін төмендеді;
  • түрік лирасы 0,7%-ға (19,45-тен 19,58-ге дейін) әлсіреді. Түркияның ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 5,3 миллиард доллар көлеміндегі тапшылықтың орташа болжамымен салыстырғанда 4,5 миллиард АҚШ долларын құрады;
  • Оңтүстік Африка ранды энергетикалық дағдарыс пен РФ-ға қару-жарақ жеткізді деген айыптаулардың астында қалып, Оңтүстік Африка мен АҚШ арасындағы дипломатиялық дау-жанжалдың аясында 5,7%-ға (18,29-дан 19,34-ке дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға