1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Ұлттық Банкі инвестициялық жобалар саласында алаяқтықтың жаңа түрлері шыққанын ескертеді

Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды         

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзін инвестициялық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстыратын алаяқ топтардың көбейгенін ескертеді. Мұндай топтар биржа саудасында тез ақша табудың қарапайым тәсілдерін сипаттайтын жарнамалық роликтерге толы сайттар мен мобильді қосымшаларды жасайды. Алайда, олар сипаттайтын қаржылық дамуға қатысты бағдарлама шын мәнінде жоқ.

Мұндай ресурстар әлеуметтік желілерде, соның ішінде YouTube видеохостингінде жарнама арқылы белсенді түрде насихатталып жүр.

Алаяқтық негізге құрылған мұндай сайттарда танымал тұлғалардың атынан жалған ақпарат, қолдан жасалған лицензиялар мен басқа да құқық белгілеуші құжаттар болады. Адамның әсерін күшейтіп, пайдаланушының сенімін арттыру үшін мұндай ресурстар инвестициядан түсетін болжамды пайданың калькуляторын да орналастырып қояды.

Мысалы, кейбір анықталған алаяқтық схемаларда биржалық саудада ақша табу үшін сайтта тіркелу кезінде ақшалай салымды талап етеді. Осыдан кейін алаяқтар өз құрбанына сауда шоты ашылғаны туралы Ұлттық Банктің атынан сертификат жібереді. Ол сертификатта Ұлттық Банктің логотипі, жалған қойылған қолдар мен мөрдің суреті және Ұлттық Банктің жалған қызметкерлері туралы ақпарат болады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық Банк мұндай ресурстарда алаяқтық әрекеттердің айқын белгілері бар екенін мәлімдейді, себебі:

  • Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жүргізбейді;
  • Ұлттық Банк мемлекеттік қорлардан табыс табу үшін қандай да бір платформаларды әзірлеуге қатыспайды;
  • ресурстарда қысқа уақыт ішінде жоғары пайдаға жалған кепіл беретін ақпарат қамтылады, сондай-ақ байланыс дерегі жоқ;
  • алаяқтар бейресми нөмірлерден белсенді түрде қоңырау шалып, жалған құқық белгілейтін құжаттарды ұсынады;
  • іс жүзінде активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.

Егер сіз немесе сіздің танысыңыз алаяқтардың әрекетіне тап болса, алаяқтық фактісімен іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуді ұсынамыз.

Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға