1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 17-24 ақпан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 24 ақпанда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,8%-ға (444,23 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 447,73 теңге деңгейінде қалыптасты.

2023 жылғы  17-24 ақпан аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Мысалы, бейсенбіде АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің Ашық нарықтар жөніндегі комитетінің 1 ақпанда аяқталған отырысының хаттамасы жарияланды. Комитет мүшелері пайыздық мөлшерлемелерді 25 базистік тармаққа арттырудың орындылығымен келісе отырып, инфляциялық қысымды олардың 2% нысаналы деңгейіне дейін төмендету мақсатында шектеу саясатын сақтау қажет екенін атап өтті. Ал кейбір мүшелер 50 базистік тармаққа едәуір өскенін қолдады. АҚШ Еңбек министрлігінің дерегі бойынша, жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақыға арналған алғашқы өтінімдер еңбек нарығындағы үздіксіз шиеленісті көрсете отырып төмендеді,  бұл инфляцияны жоғары деңгейде ұстап тұратын фактор ретінде қарастырылады.

Жоғарыда көрсетілген факторлар көбінесе дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасына алып келді. Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] динамикасы төмендегідей қалыптасты:

  • үнді рупиясы мұнай бағасын белгілеудің төмендеуі аясында 0,1%-ға (82,83-тен 82,75-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы шетелдік капиталдың әкетілуі аясында 0,1%-ға (15210-нан 15228-ге дейін) әлсіреді. Орталық банк 1 наурыздан бастап экспорттаушылардың доллардағы кірісін тарту үшін 1, 3 және 6 ай мерзімге шетел валютасындағы жаңа мерзімді депозиттер бойынша бәсекеге қабілетті мөлшерлемелерді ұсынады;
  • түрік лирасы негізгі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендету аясында 0,2%-ға (18,83-тен 18,87-ге дейін) әлсіреді, бұл талдаушылардың орташа күткен мәнінен төмен;
  • Мексика песосы АҚШ долларының нығаюы аясында 0,3%-ға (18,37-ден 18,42-ге дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы АҚШ ФРЖ Комитеті хаттамасының шығуы аясында 0,8%-ға (5,16-дан 5,2-ге дейін) әлсіреді. Қаржы министрлігінің хатшысы Орталық банктің Президентімен үнемі байланыста екенін және пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді;
  • Оңтүстік Африка ранды электр энергиясын өшіруге байланысты жалғасып келе жатқан проблема аясында 2%-ға (18,06-дан 18,43-ке дейін) әлсіреді. Financial Watchdog Оңтүстік Африканы жаһандық қаржы бақылаушысының сұр деп аталатын тізіміне, яғни, заңсыз қаржылық ағындармен күресте кемшіліктері бар елдердің тізіміне енгізді.
  • Ресей рублі Ресейдің қаржы институттары мен ресми тұлғаларына қарсы АҚШ пен ЕО тарапынан жаңа санкциялар туралы хабарламалар аясында 2,5%-ға (74,29-дан 76,13-ке дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға