1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 10-17 ақпан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 17 ақпанда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,5%-ға (450,79 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 444,23 теңге деңгейінде қалыптасты.

2023 жылдың  10-17 ақпан аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Қаңтарда АҚШ-тағы инфляция ж/ж 6,4%-ға дейін бәсеңдеді, бірақ талдаушылар күткеннен асып түсті. Қаңтарда АҚШ-тағы бөлшек сауда 2021 жылғы наурыздан бастап ең жоғары қарқынмен а/а 3%-ға өсті. Жыл басында өндірушілердің бағасы күткенге қарағанда 0,7%-ға көбірек өсті. АҚШ-тағы күшті макроэкономикалық деректер АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді жоғары деңгейде ұзақ уақыт ұстап тұру ықтималдылығын арттырды. Бұл факторлар көбінесе дамушы нарықтарда валюталардың теріс динамикасын құрды.

Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] динамикасы төмендегідей қалыптасты:   

  • Мексика песосы 1,6%-ға (18,67-ден 18,37-ге дейін) нығайды. Базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейі (11%) және АКС-ның одан әрі қатаңдауын күту АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюына қарамастан Мексика ұлттық валютасының нығаюына ықпал етті;
  • Бразилия реалы мемлекет басшысының жыл соңына қарай мөлшерлемені 12%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ету үшін инфляция бойынша таргетті 1 пайыздық тармаққа ұлғайтуды қажет деп есептейтін хабарламаларына байланысты әлсірегеннен кейін қайта қалпына келе отырып, Орталық Банктің саясатына қатысты Президент риторикасының жеңілдеуі аясында 1%-ға (5,21-ден 5,16-ға дейін) нығайды;
  • түрік лирасы 0,1%-ға (18,81-ден 18,83-ке дейін) әлсіреді. Елдегі табиғи зілзалаға байланысты құбылмалылықтың артуы аясында биржадағы акциялармен сауда-саттық 15 ақпанға дейін тоқтатылды;
  • үнді рупиясы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы аясында 0,4%-ға (82,51-ден 82,83-ке дейін) әлсіреді. Үндістандағы инфляция талдаушылардың күткенінен де жоғары ж/ж 6,52%-ға өсті;
  • Индонезия рупиясы теріс тәуекел-сентименті мен бейрезиденттердің борыш нарығынан кетуі аясында 0,5%-ға (15 134-тен 15 210-ға дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды электр қуаты өшетін оқыс оқиғалардың елдің экономикалық өсуіне және әлеуметтік-саяси тұрақтылығына теріс әсер ететіні туралы Moody’s және Fitch рейтингтік агенттіктерінің есептері аясында 1,1%-ға (17,86-дан 18,06-ға дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі санкциялық хабарлар және мұнай өнімдері мен мұнай бағасының ең жоғары шегін енгізу аясында 1,2%-ға (73,39-дан 74,29-ға дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға