1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банкте қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысы өтті

2022 жылғы 14 желтоқсанда Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, Президент Әкімшілігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары қатысты.

Кеңес отырысында Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының халықтың борыштық жүктемесін төмендету бойынша алға қойған міндеті шеңберінде қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мүшелері есептеудің жетілдірілген әдіснамасы негізінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мәнін қайта қарау мәселесін талқылады. Бұл әдістеме халық үшін кепілсіз тұтынушылық кредит беру құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілсіз онлайн-микрокредиттерді тұтынушылық реттеуді күшейту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ЖТСМ анықтау тетігіне ұсынылған тәсілдерді мақұлдады, сондай-ақ агенттікке кепілсіз онлайн-микрокредиттерді тұтынушылық реттеуді күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынды.

Жиында қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мүшелері 2023 жылы ХВҚ мен Дүниежүзілік банк өткізетін «Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасына» дайындық жөніндегі жұмыстың нәтижелерін де ортаға салды. ХВҚ мен Дүниежүзілік банк «Қаржы секторын бағалау бағдарламасын» (Financial Sector Assessment Program, FSAP) қаржы секторының даму әлеуеті бойынша халықаралық қаржы жүйесінің жай-күйіне мониторингті нығайту мақсатында өткізеді. Бұл жұмыстар қаржы секторының тұрақтылығы мен сенімділігі сияқты екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Қазақстан бойынша FSAP соңғы рет 2014 жылы өткізілді. Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк ұсынған FSAP миссиясының құрылымы мен кестесін, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың қатысу қажеттілігін мақұлдады.

Жүйелік тәуекелдерді талдау бойынша талдамалық құралдарды жетілдіру аясында Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылық индексін (ҚТИ) әзірлеу жөніндегі жұмысының нәтижелері қаралды. ҚТИ – көптеген макроэкономикалық және қаржылық көрсеткішті қамтитын композиттік индекс. Бұл құрал 2023 жылы пилоттық режимде қаржылық стрессті сандық өлшеу және экономикадағы қаржылық ауытқуларды дұрыс түсіну үшін пайдаланылады.

Сондай-ақ, қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысында реттеуші «құмсалғыштар» тетігін дамытуға бағытталатын қажетті шаралар бойынша мәселе қаралды. Реттеуші «құмсалғыш» реттеудің ерекше режимін айқындайды. Яғни, бұл ортада заңды тұлғалар қолданыстағы қаржы заңнамасын бұзу қаупінсіз қаржы саласындағы және төлем қызметтері саласындағы жобаларды пилоттауды жүзеге асыра алады. Қазақстанда реттеуші «құмсалғышты» дамыту ісі 2018 жылдан бастап іске асырылып жатыр. Оған  қаржы ұйымдары мен қаржы және төлем қызметтері саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар қатыса алады.

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылау жөніндегі өз қызметін жалғастырады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға