1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылғы 23-30 қыркүйек аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 30 қыркүйекте теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,6%-ға (479,42 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 476,71 теңге деңгейінде қалыптасты. Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға орын алды, оның ішінде АҚШ ФРЖ-ның ақша-кредит саясатын қарқынды қатаңдатуға қатысты жалғасып келе жатқан «күшейту» тәсілі басты оқиғалардың бірі саналады. АҚШ доллары 20 жылдық ең жоғары деңгейге жетті, ал АҚШ долларына қатысты негізгі әлемдік валюталар құнсызданып барады (британдық фунт және Қытай юаны тиісінше 1,07 және 7,2 деңгейіне дейін әлсіреп, рекордтық деңгейге жетті). Апта соңына қарай АҚШ долларының динамикасында түзетілген төмендеу байқалды. АҚШ-тың екінші тоқсандағы ЖІӨ бойынша деректері (-0,6%) АҚШ долларының DXY индексінің динамикасына қосымша қысым көрсетті.

Бұл факторлар көбіне дамушы нарықтар валюталарының теріс динамикасына алып келді.

Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] динамикасы төмендегідей қалыптасты:   

  • Мексика песосы АҚШ долларының құлдырауына байланысты жаһандық тәуекел-сентименттің жақсаруы және негізгі мөлшерлеменің 9,25%-ға дейін 75 б.т. артуы аясында 0,3%-ға (20,21-ден 20,14-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы доллардың нығаюы және АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуі аясында 0,4%-ға (80,99-дан 81,35-ке дейін) әлсіреп, тарихи ең төменгі мән – 81,93-ке жетті. Жұмада Үндістанның Орталық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 5,90%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді;
  • түрік лирасы инфляцияның рекордтық мәніне қарамастан Түркия Президентінің пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендету жөніндегі жалғасып келе жатқан риторикасы аясында 0,7%-ға (18,41-ден 18,53-ке дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел-сентименттің төмендеуі аясында 0,8%-ға (17,95-тен 18,09-ға дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі мұнай бағасын белгілеудің төмендеуі, жаһандық нарықтағы тәуекелі бар активтерге қызығушылықтың құлдырауы және геосаяси жағдайдың ушығуы аясында 0,9%-ға (57,92-ден 58,45-ке дейін) әлсіреді;
  • Индонезия рупиясы АҚШ долларының нығаюы және никель бағасының төмендеуі аясында 1,3%-ға (15038-ден 15227-ге дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы АҚШ қазынашылық облигацияларының жоғары кірістілігі, шикізат тауарларының неғұрлым төмен бағасы және тәуекелден жаһандық кету аясында 2,9%-ға (5,26-дан 5,41-ге дейін) әлсіреді.


[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға